ҚМА құмды заңсыз өндіру дерегін тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті жер қойнауын заңсыз пайдалану және пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеу амалдарына сай "СТС-Цемент" ЖШС-ның басшысы мемлекет белгілеп берген жер қойнауынан тыс жерде, яғни Тобыл өзені арнасы мен жағалауынан өнеркәсіптік көлемде өзен құмын заңсыз өндіру схемасын ұйымдастырған.
Жұмыстар өзен түбінен екі жер снаряд көмегімен гидромеханикаландырылған тәсіл арқылы жүргізілген. Өндірілген өзен құмы байланысы бар кәсіпорындарға өткізілген. Жалпы сатылған құм көлемі 113 мың текше метрден асып, оның құны 719 млн теңгеге жеткен.
Заңсыз әрекет салдарынан су және жер ресурстарына елеулі экологиялық зиян келген. Тобыл өзенінің арнасы өзгеріп, жағалау сызығы бұзылған, гидрологиялық режимге нұқсан келіп, батпақ жерлер пайда болған.
"Ғарыш түсірілімдерінің дерегіне сәйкес су қорының бүлінген аумағы 28 мың шаршы метрден асқан. Табиғи кешенді қалпына келтіру үшін жағалауды бекіту, өзен арнасын тазарту және бүлінген жерлерді рекультивациялау жұмыстары қажет. Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі 12 көлікке, 10 жер учаскесіне және бір тұрғын емес үй-жайға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!