Алматы облысында ауылды билеп төстеуге таласқан екі мектеп оқушыларының арасындағы төбелестен 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Жасөспірімдер арасында дәл осындай бөлініп төбелесу оқиғасы осыған дейін де талай рет болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тамыздың басында жұртты елең еткізген Бәйдібек би ауылындағы ауыл балаларының екіге бөлініп төбелесуі 17 жастағы Мәрленнің өлімімен аяқталды.
"4 тамыз күні кешкі сағат 00:00 шамасында балам үй ыстық болғандықтан далаға ұйықтайтынын айтты. Мен ішке кіріп, шай ішіп, жатып қалғам. Сөйтсем бір балалар алдап шақырып, алып кеткен. Арада жарты сағат өткеннен кейін бізге осы суық хабар келді. Мылтыққа бытыра оғын салып атқан. Медициналық сараптамаға сәйкес 9 оқ баламның жанды жерлеріне тиген. Содан қан сыртқа ақпай, ішке кеткен. Бұл ауылда тек қазақтар ғана тұрады. Мәрлен жайдары, жуас бала болатын. Осы уақытқа дейін төбелескенін естіген емеспін", - деді әкесі Өмірбаев Айдарбек.
Ауылдың балалары екіге бөлініп, бұрыннан бері төбелесіп келе жатқан. Осы оқиға болар күні Мәрлен достарымен көшеде отырған, екінші мектептің бір топ қаруланған оқушысы таяқ, дубинка және қарумен бұларға шабуыл жасаған.
"Біз бұл үйде тұрмаймыз. Қалада пәтер жалдап тұрамыз. Жазғы демалыс болғандықтан әжесінің үйіне келген. Бұл үйде әкемнің інісі мен әйелі тұрады. Үйдің жанына кішігірім үйдің іргетасын құюға көмектесуге келген. Оқиға болар күні іргестасты құйып болып, төсегінде жатқанда шақырып алып кеткен. Бұлар өздерімен өздері отырған уақытта тұтқиылдан 70-80 адам қарумен келіп шабуыл жасаған. Олар арнайы дайындалып, автокөлікпен шығып, сигнал беріп, бір-біріне белгі берген. Інім достарымен отырғанда, қарулы топ келе салып, мылтықпен атқан. Оқ менің інімнің 9 жеріне тиген. Олар менің інімді қатыгездікпен өлтіріп отыр. Одан бөлек екі баланың біреуінің басын жарып, пышақтаған. 2 күннен кейін інімнің достары кім жібергенін, оқиға қалай болғанын айтқан болатын. Алайда келесі күні достарынан сұрасақ қорқытып тастаған ба ештеңе айтпай қойды", - деді марқұмның әпкесі Айдарбек Аяулым.
Марқұмның әпкесі Аяулымның айтуынша, інісі Әубәкіров атындағы орта мектепті оқып бітірген. Оқу үлгерімі жақсы болған. Алматыда аспаз мамандығы бойынша колледжде білім алып жатқан.
Алаңсыз отырған Мәрлен мен достарына қарулы топ шабуыл жасаған уақытта барлығы жапа тармағай қаша жөнелген. Бір баланы пышақтап, екіншісі автокөлікке тығылған. Жасырынған баланы тауып алған қарулы топ басын жарып, есінен танып қалғасын Мәрленді мылтықпен атқан. Жараланған Мәрлен жанталасып құтылу үшін қашып, көшедегі бір үйдің қақпасына секіріп кіріп құлаған.
"Ұйықтап жатқам. Бір адамның ыңырсып қиналған дауысын естідім. Сосын балама "бір мас кіріп кеткен секілді барып көріп келші" дедім. Балам қансырап жатқан жігітті көріп, шошып кеткен соң көрші үйге жүгірді. Дауысы қатты шыға бастағасын мен де шықсам, қорылдап қиналып жатыр екен. Бірақ ол уақытта жаны бар еді. Біз қорқып кеттік. Адамның жаны шығуы оңай емес екен. Қиналғаннан ары-бері аунақши берді", - деді Ділдәхан апа.
"Мен немерелеріммен ұйықтап жатқам. Қақпаны біреу дүрсілдетіп ұра бастады. Енді оянып жатсам, телефоныма көрші бала қоңырау шалды. "Ата есіктің алдында қансыраған бала жатыр, не істеймін?" деді. Мен оған "жаны бар ма, жоқ па, көр" десем, ол "ата, мен қорқамын" деді. Содан "онда қазір мен шығамын" деп орнымнан тұрғанша, қызым жүгіріп шықты. Мен оған "шошисың, барма" десем де бой бермей кетіп қалды", - деді Кәдірбек Мұсаұлы.
Кәдірбек атаның қызы Гүлмира Мұсаева көрші баламен бірге барған. Қақпаның алдына жақындағанда бір топ баланы көреді. Жандарына барған уақытта олар Мәрленнің денесін аударып көріп жатқан әйел адамды көріп, топтың ішінен біреулері "тәтеге тиіспеңдер!" деген.
"Мен барсам бала қиналып жатыр екен. "Тәте жедел жәрдем шақырыңызшы, қиналып кеттім, ауа жетпей жатыр" деп жатты. Мен жедел жәрдем шақырып, олар келгенше алғашқы көмекті жасадым. Ол сәтте баланың жаны бар еді. Жедел жәрдем келіп, қолдарынан келгенше көмектерін жасады. Бірақ, өкінішке қарай, бала жан тапсырды. Мен қақпа алдына барғанымда бір топ бала маска киіп, қолдарына таяқ ұстап алған. Кетіп бара жатып, "бес жылдық кегімізді қайтардық, енді бұл ауылды біз ұстаймыз" деп айғайлады", - деді Гүлмира Мұсаева.
Мәрленді өлтірген екі балаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Бірақ Мәрленнің анасы төбелесті ұйымдастырып отырған үлкен жігіттер екенін айытп отыр. Олардың да жазаланғанын қалайды.
"Ауылдың ішінде бөлініп төбелесу бұрыннан болған. Ол кездері пышақталып, таяқ жеп, ауруханадан шығып, іс жабылып қалып отырған. Бұны ұйымдастырып отырған 30-35 жастағы жігіттер. 70-80 адамның небәрі тоғызына тергеу жүріп жатыр. Баламды атқан екі адам да жазасын алсын. Бірақ соларды ұйымдастырып, жіберіп отырған жігіттер де сотталуы керек. Өйткені екі бала түрмеге қамалғанымен оларды ұйымдастырған жігіттер ертең тағы кісі өлтірмесіне кім кепіл?", - деді анасы Эльнора Айдарова.
Ауыл адамдары осы болған оқиғадан қатты шошынып қалған. Олар да кісі өлтіргендер мен оған көмектескендер жазасын алғанын қалайды. Ауылдағы ата-аналар өздері де бала өсіріп отырғандықтан, ертең осы жағдай тағы қайталанама деп қорқады.
"ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы, 9-тармағы, 2-бөлігі, 14 тармағы және 293-бабы, 3-тармағы бойынша аудандық полицияда тіркелді және сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шарасында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 20-дан астам баланы анықтап жеткізді. Оның тоғызы аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір сот медициналық сараптама тағайындалып, барлық тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Әкесі Айдарбектің айтуынша, олар істі жылы жауып тастағалы отыр. Өйткені бір адамның ғана мойынына іліп, қалғандары бостандықта қалғалы тұр. Сосын бұл жағдай тағы қайталанады. Көшедегі, базардағы камераларды қарайық десек, барлығын өшіргізіп тастаған. Мәрленімді өлтірген баланың ата-анасы келді. Кешірім сұрап, қайғырудың орынына "не істей аласыңдар, бізге бәрбір" деп кетіп қалды. Қару ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі болған. Туысқандары құқық қорғау саласында жұмыс істейді. Сондықтан іс жылы жабылып қалмауын сұраймын.
Қайғыдан қан жұтып отырған Айдарбаевтар отбасы кінәлілердің жазадан сытылып кетпеуін сұрайды.
Еске салайық, 4 тамызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылында оқушылар екіге бөлініп, төбелес болған. Қаруланған топ екі баланы жарақаттап, бір баланы атып өлтірген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!