- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Төбеден су сарылдап...
"Төбеден су сарылдап ағып тұр". "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үй тұрғындары наразылық білдірді
Ақтөбе облысы Алға қаласындағы №5 үйдің тұрғындары бес жылдан бері үй шатырынан аққан судан қиындық көріп келеді. Көктемде қар ерісе, жаңбыр жауса, бес қабатты үйдің төбесінен су ағып, тұрғындар әбігерге түседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Редакцияға Алға қаласы №5 ықшамауданы №5 үйдің тұрғындары хабарласты. Олардың айтуынша, көктем басталса үйдің төбесінен су кетеді. Аққан су бірінші қабатқа дейін жетеді екен.
Тұрғындар осы мәселені айтып, әкімдікке талай рет барыпты. Бірақ құлақ асқан ешкім болмаған. Ал үй "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған, яғни мемлекеттің қарауында. Тұрғындар жалға алып отыр. Бұл үйде көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады.
Осы үйге 2019 жылы көшіп келген Қазина Дүйсенбаева төбеден аққан судан әбден шаршағанын айтады.
"Осы үйге келгелі көрген күніміз - осы. Әсіресе, көктемде, күзде төбеден су ағады. Бесінші қабатта тұрамын. Тіпті су қабырғаны жағалап бірінші қабатқа дейін кетіп жатыр. Кейбір көршілеріміз тіпті үйлеріне қона алмай, балаларын туыстарына жіберді. Әкімдікке қанша рет айттық, тіпті суретін түсіріп те жібердік. Барлығы біліп отыр, бірақ ешқандай нәтиже жоқ", - дейді тұрғын.
Ал екінші топтағы мүгедек Манар Бекенова бұл үйге 2018 жылы қаңтарда көшіп келген. Жалға алу ақысын ай сайын төлейді, қарызы жоқ.
"Бесінші қабатта тұрамын. Бес жылдан бері осылай қиналып келеміз. Үш бөлмеден су сарылдап ағып тұр. Тіпті жататын жер жоқ. Бөлменің ортасына леген, шелек қойып қойдық. Түнгі төрттен бастап ұйқы жоқ. Қазір қорқып электр жарығын да қоспай отырмыз. Интернет істемей қалды. Әкімдік "білеміз" дейді. Білгенмен не пайда, төбені жөндемейді. Амалымыз қалмағасын сіздерге хабарласып отырмыз. Осы мәселені шешіп берсе екен. Басқа айтарымыз жоқ", - дейді Манар Бекенова.
Тұрғындардың сөзін бірінші қабатта тұратын Битай Құрмашева да құптады. Ол бір бөлмелі пәтерде мүмкіндігі шектеулі қызымен тұрады. Қазір қызы ауруханада жатыр. Бірінші қабатта тұрса да төбеден аққан судан әбден шаршаған.
Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін Алға ауданы әкімінің орынбасары Арман Бошановқа хабарластық.
Оның айтуынша, Алға қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша төрт үй салынған. Қазір бесінші үйдің құрылысы жүріп жатыр.
"Төбесінен су ағып тұрған үй бірінші салынды. Жоба бойынша үйдің төбесі арнайы шатырмен жабылған, төбеден су ақпайды. Бірақ құрылыс қауіпсіздігіне байланысты, төбедегі қар адамның үстіне түспеуі үшін жарты метр жер ашық тұр. Яғни қар сол жерге түседі де арнайы құбырмен төмен ағып кетеді. Көктемде күн бір жылынып, бір суытқан кезде құбырдағы су қатып қалады да еріген қар суы ақпай қалады. Ол үшін құбырды жібітіп, аршып жіберу керек. Қазір ол жерде тиісті мекеменің мамандары жұмыс істеп жатыр. Төбенің қарын тазартып, құбырды жібітіп жатыр", - деді аудан әкімінің орынбасары.
Арман Бошанов жобаны өзгерте алмайтынын, бірақ мәселені шешуді қарастыратынын айтты.
К.Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы