"Тілім тірлігіме кедергі емес". Сөйлей алмаса да адам тасуды кәсіп етіп жүрген қостанайлық тұрғын жолаушылардың ықыласына бөленіп жүр

"Тілім тірлігіме кедергі емес". Сөйлей алмаса да адам тасуды кәсіп етіп жүрген қостанайлық тұрғын жолаушылардың ықыласына бөленіп жүр

Туа бітті дәрігерлердің қателігінен сөйлеу мен есту қабілетінен айырылған 41 жастағы Марат Шәкіров Қостанай қаласындағы мекемелердің бірінде такси жүргізушісі болып қызмет атқарып келеді. Мұратқа тағдыры басқа адамдарша сөйлеу мен естуді бұйыртпаса да, тіршіліктің қайнаған саласына қызмет етіп, нәпақасын табуда еш кедергі болмапты. Massaget.kz тілшісі сөйлей алмаса да басқа адамдармен бірдей еңбек етіп жүрген жанның жан дүниесіне үңіліп көрген еді. 

Былай қарағанда тепсе темір үзетін қылшылдаған қырықтағы Мұратты ешкім ерекше мұқтаждығы бар адам деп айтпайды. Оның үстіне, кейіпкеріміздің өзі өмірінің жартысынан астам уақытын осы темір тұлпарды тізгіндеумен келеді екен. Ол жүргізуші куәлігін мектеп бітіретін сәтте, атап айтқанда он тоғыз жасында алыпты. Содан бері темір тұлпардан түскен емес. Оның үстіне, қолы шебер жігіт сынған көлігін өзі жөндеп алады екен. Мұраттың пікіріне құлақ түрсек, жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте көппен қатар білім алыпты. Басқа салған тағдырдың сынағына көндіккен Мұрат бұл тығырықтан да жол тауыпты. Автомектептегі білімді санасына сіңіру үшін сурдо аудармашының үлесі зор болған көрінеді.


"Мен анамнан туғанда басқа балалар секілді он екі мүшем сау еді. Барлығы балабақшаға барған кезде басталды. Себебі, осы балабақшада жүріп қатты ауырып қалдым. Ауруыма дұрыс ем тағайындай алмаған немқұрайды дәрігерлердің кесерінен осындай мылқау болып қалдым. Ендігі өмірде жалғыз ғана тілегім бар. Ол Алла маған тілім мен есту қабілетімді қайтарып берсе", - деп терең күрсінді Мұрат бізбен әңгімелесу барысында.


Бірақ, Мұрат Шәкіровтің өмірге деген құлшынысы мен өз кәсібіне деген адалдығына қарап еріксіз бас шайқадық. Бұл күнде Мұраттың көмекшісі әрі қасынан бір елі тастамайтын серігі - ол қалта телефоны. Бұл құрылғы оның тұтынушылармен қарым-қатынас жасап, сыртқы ортамен байланыс орнатып отырған бірден-бір байланыс құралы. Мұраттың көлігіне мінген жолаушы баршаға мәлім әлеуметтік желі арқылы еркін тілдесіп, пікірлесе алады.
Дегенмен, осы такси қызметінде жұмыс істеп жатқан бес ай ішінде Мұрат кедергілерге де тап болғанын жасырмайды. Оның басты себебі тұтынушылардың арасында осындай жарымжан адамдардың жағдайын түсінбей дөрекілік танытатындары да баршылық екен.


"Бұл арадағы қиындықтардың барлығы мұнда. Мәселен, тапсырыс түскен бағытты біз картадан қарап, бағдарлаймыз. Кей кезде осы картаң да қателесіп кетеді. Содан адасып кетесің. Уақыт жоғалтасың, асығып отырған жолаушыға оны түсіндіруге тіл жоқ, еститін құлағым болмауынан көп қиналдым. Қазір бұл мәселелердің шешімін тапқандай болдым. Такси қызметінен тұтынушылардың маған телефон шалу қызметін алдырып тастадым. Әрі көлігіме жүргізуші «мылқау» деген белгі ілгіздім. Содан бері жақсы болды. Жолаушылар өздері маған қамқорлық танытып, жолды ымдап көрсетіп отыратындары да бар. Жолаушылардың барлығымен телефондағы қол жетімді әлеуметтік желі арқылы сөйлесемін", - дейді Мұрат.


Ең өкініштісі, Мұрат осы таксиде толық күн жұмыс істей алмайды екен. Оған денсаулығы көтермейді. Көп отырып қалса аяғы күп болып ісіп кетіп, белі қақсап, орнынан тұра алмай қалады. Сондықтан, ол қарап отырмай жарты күн еңбек етіп, тапқан нәпақасын қанағат етіп жүр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы