Депутат Ермұрат Бапи Мәжілістің жалпы отырысында конституциялық реформаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біз елде бұрынғы 30 жыл бойы қалыптасқан, сірескен саяси режимнің сеңі 2022 жылғы референдум барысында сөгіле басталғанына мән бермей жүрміз. Алғашқы реформаның нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан құндылықтарды бағалай алмай жүрген "созылмалы қарсылық дертіміз", өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай боп тұр", - деді ол.
Ермұрат Бапидің сөзінше, қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілерде кейінгі алты ай көлемінде сұлбасы жасалған конституциялық өзгерістерге қатысты батыл, бірақ сыңаржақ сындар көп айтылған.
"Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауға тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек!" - деді ол.
Депутат қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыпқа да пікір білдірді.
"Жаңа Конституция жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайтын еді. Бірақ қазақта "басқа пәле тілден" деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде бұл "пәленің" қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек-ті. Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда есермен егесу естінің ісі болмайды", - деді ол.
Депутат "әлеуметтік желілердегі дабыраға қиқу қосып, қоғамды қажетсіз толқуға шақырып жүрген желікпе псевдо-патриоттардың қылығына іші ашитынын" жеткізді.
"Бір ғана "КТК" мұнай құбырындағы апат елді қандай қаржылық қауіпке тап қыларын бастан кешіре тұра, біз әлдекімге сес көрсетіндей қай артымызға сенеміз? "Сауда соғысы"/президент Трамптың "пошлина" шоқпарын еске алыңыз/әлем картасын бөлістерге сала бастаған қатерлер қаулаған заманда Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық бізді орны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін" - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның бірінші жобасын жариялады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!