Қазақ тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Берікбай Сағындықұлы 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының баспасөз қызметі хабарлады.
Ғалым, журналист Берікбай Сағындықұлы 1939 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қашқансу ауылдық советіне қарайтын Чапаев атындағы колхозда дүниеге келген.
Берікбай аға жарты ғасырға жуық уақыт әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етті. 2005 жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихаты сессиясының шешімімен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 2007 жылы Қызылорда облысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына – 70 жыл» медалімен, 2009 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға – 75 жыл» құрмет белгісімен, 2011жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды, - деп хабарлады институт баспасөз қызметі.
Ғылыми зерттеулері мен оқу-әдістемелік жұмыстарының негізгі бағыты қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы, қазақ тілі тарихы, тарихи фонетика және түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы лексикасы, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасы, көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу, теология мәселелері болды.
Берікбай Сағындықұлы өмірінің соңғы уақытын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің А. Байтұрсынұлы атындағы кафедрасында қызмет атқарды. Студенттерге дәріс оқып, білгенін үйретуден жалықпаған ұстаз.
Ғалым орта ғасырлық жазба мұраларды, тіл тарихын індете зерттеудің тұтас әдіснамалық негізін қалыптастырды. Жүздеген ғалым шәкірт тәрбиеледі.
Massaget.kz ұжымы марқұмның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.