Тіл тарихын түгендеген тұлға

Тіл тарихын түгендеген тұлға
Фото: massaget.kz

Қазақ тілінің тарихын тану жазба мұраның мазмұнын ашудан, әр кезеңдегі тілдік қолданыстың ерекшелігін зерделеуден басталады. Осы бағытта еңбек еткен ғалымдардың зерттеулерін бүгінгі ғылыми ізденістермен байланыстырудың мәні зор.

2026 жылғы 13 қараша күні өткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультеті, А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Шерхантану ғылыми-зерттеу институты бірлесе отырып көрнекті тілші, филология ғылымдарының докторы, профессор, жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Бабанияз Әбілқасымовтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Қазақ тілінің тарихи кеңістігі: жазба мұра және жаңа ғылыми парадигмалар» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция осы сабақтастықты алға шығарады.

Конференцияның ғылыми мақсаты Бабанияз Әбілқасымов еңбектерін, алғашқы қазақ газеттерінің тілі, көне жазба әдеби тіл, түркі жазба ескерткіштері мен әдеби тіл лексикасы туралы зерттеулерінің құндылығын көрсетуге бағытталды. Ғалымның жазба деректерді зерделеу арқылы ұлттық дүниетанымның тілде сақталуын, баспасөздің әдеби тілге ықпалын және тарихи мәтіндердің танымдық маңызын ашуға көмектеседі.

Конференцияға еліміздің бірқатар танымал ғалымдары қатысып, сөз сөйлеп, ғалым еңбектері жан-жақты талданды. Пленарлық мәжілісте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан филология ғылымдары докторы, профессор Жамал Манкеева қатысып, алғашқы қазақ газеттеріндегі этномәдени лексиканың жасампаздық қызметі туралы баяндама оқыды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен профессор Жаңалық Балтабаева ғалым зерттеулеріндегі әдеби тіл лексикасын кемелдендіру мәселесі туралы тұшымды ойын жеткізді. Кафедра ғалымдары профессор Бағдан Момынова көне қазақ жазба әдеби тілі мен ежелгі түркі әдеби тілдері туралы ғылыми көзқарастарын баяндады. Ғалым туралы профессор Анар Салқынбайдың баяндамасында Әбілғазы Баһадұрханның «Шежіре-и түркі» еңбегінің тарихи-танымдық маңызы, ғалым зерттеулеріндегі кейбір лексикалық бірліктердің ерекшелігі сөз болды.

Ғалымның ұстаздық тұлғасы мен еңбек жолына арналған тақырыптардың да орны бөлек. Бұл туралы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры Шара Мәжітаеваның «Ұлы ғалым, ұлағатты ұстаз» атты мақаласымен ұстазы, ғылыми жетекшісі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Осы орайда Бабанияз Әбілқасымовтың зайыбы Айжамал Көбденнің ғалымның отбасылық естеліктері туралы тағылымды әңгімесі де қатысушылардың көңілінен шығып, ғылыми еңбектерді өмірбаяндық деректермен сабақтастыра таныстырылуы зерттеушінің қалыптасу ортасын және ұстаздық өнегесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы ұйымдастырумен өткен ғылыми конференция ұлттық тілдің тарихи негіздерін зерттеуге арналды. Ғылыми жиын офлайн және онлайн форматта өтіп, шетелдің ғалымдардың қатысуына да мүмкіндік жасалды. Жапониядағы Токио шетел тілдері университеті мен Ресейдің Солтүстік-Шығыс федералдық университеттерінен де ғалымдар қатысып, ғылыми баяндама жасады.

Конференция төрт секция бойынша жүргізіліп, бірінші секция Бабаш Әбілқасымовтың ғылыми мұрасы мен қазақ тіл білімінің тарихи парадигмасына арналды. Екінші секция әдеби тіл тарихы, түркітану, тарихи-салыстырмалы зерттеулер және жазба мұра мәселелерін қамтыды. Үшінші секция қазақ филологиясындағы жаңа бағыттарға назар аударса, төртінші секция қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесіне бағытталған.

Бағдарламаның бір ерекшелігі — тәжірибелі ғалымдармен қатар студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің тақырыптарын қамтуы. Бабанияз Әбілқасымовтың ғылыми мұрасына арналған конференция қазақ тіл біліміндегі тарихи зерттеулердің маңыздылығын, алғашқы газеттер мен ескі жазба тіл туралы еңбектер қазіргі цифрлық мәтіндерді, тілдік норманы және оқыту әдістерін зерделеуде құндылығының жоғары екенін танытады. ҚазҰУ-дың осындай тақырыптарды ғылыми ортаға ұсынуы университеттің филология саласындағы ғылыми зерттеулер мен маман тәрбиелеудегі ғылыми әлеуетінің зор екенін көрсетеді.

Тіл тарихына ден қою өткен дәуірдің мәтінін оқумен шектелмей, бүгінгі тілдік дамудың негіздерін түсінуге жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда, Бабанияз Әбілқасымов еңбектеріне арналған ғылыми басқосудың өзегі - зерттеуші қалыптастырған ізденіс мәдениетін жалғастыру. Жазба мұраны ұқыпты зерделеу, ғылыми тұжырымды нақты дерекпен негіздеу және оны келесі буынға жеткізу университеттік білімнің маңызды міндеттерімен ұштасады. Конференция бағдарламасы осы міндеттерді ортақ тақырып төңірегіне біріктеріп, ҚазҰУ ғылыми кеңістігіндегі ұрпақтар сабақтастығын дамытып, таратуды қамтыды.

Асенова Айгүл Халдарқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультеті
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының
PhD, аға оқытушысы

Massaget.kz
Logotype Massaget