- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тікұшақ апаты
Тікұшақ апатынан қаза тапқан адамның отбасына қолдау көрсетіледі - облыс әкімдігі
Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатына қатысты жаңа деректер айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінің өкілі қаза тапқан адамның отбасына қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
"Марқұм болған азаматтың отбасына, ағайын-туысына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасына кіріп, көңілімізді білдірдік және облыс әкімдігі тарапынан қолдау жасалатынын жеткіздім. Бұл мәселе бойынша іс қозғалды. Тиісті шешімдер шығарылады", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.
Облыс әкімінің орынбасарының сөзінше, марқұм - Ақтөбе тұрғыны.
Оқиға қалай болды?
Еске салайық, 9 қарашада сағат 11:40-та 112 нөміріне Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының аумағында тікұшақ қатты қарқынмен қонғаны туралы хабарлама түскен.
"Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті ауыздықтады. МИ - 8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі қайтыс болды. Зардап шеккен екі адам Ақтөбе қаласына ҚР ҚМ ЯК-40 ВОСВОД ұшағымен жеткізілді", - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Кейін Қорғаныс министрлігі құлаған тікұшаққа қатысты мәлімдеме жасап, апат себебін атады.
"Авиациялық оқиғаның алдын ала себебі - техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған Қорғаныс министрлігі хабарламасында.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр. Науқастар есін біледі, сұрақтарға жауап бере алады.
"Ауылда тікұшақ құлағаны туралы хабарлама 103-ке сағат 11:36-да түсті. Оқиға орнында екі науқасқа Мәртөк аудандық ауруханасының жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Бір жәбірленуші 103 келгенге дейін қаза тапты", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Кәмшат Қопаева
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова