Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы заңсыз контентке жауапкершілікті күшейту қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, миллиондаған адам күн сайын TikTok, Instagram және басқа да платформаларды пайдаланады. Тікелей эфирлердің де аудиториясы өсіп келеді.
"Бірақ оның көлеңкелі тұсы да бар. Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр", - деді депутат.
Жуырда Ішкі істер министрлігі мұндай деректер бойынша бірнеше шара қабылдады. Құқыққа қайшы контент таратқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Тіпті тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге бару да жиілей түскен. Ал мұны бір уақытта әртүрлі жастағы (кәмелетке толған, толмаған) мыңдаған адам көріп отыруы мүмкін. Мәселен, Қытайда жүріп пранк жасаған Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Көпшілік назарын аудартамын деп еліміздің абыройына нұқсан келтірді. Біздің қоғам үшін үйреншікті жайтқа айнала бастаса да, өзге елдерде асқан мәдениетсіздік, заңбұзушылық ретіне танылып, қоғамда қатаң айыпталады", - деді ол.
Депутат Үкіметтен "треш стриминг" ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді сұрады.
"Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде TikTok-та балағат сөз айтқан әйел айыппұл арқалады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!