ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ажар Сағандықова төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын сынап тастады , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін, 24 қазан күні ТЖМ-ның тақырыптық отырысында министр Шыңғыс Әрінов баяндама жасады. Мәжіліс комитетінің мүшесі Ажар Сағандықова министрліктің жұмысын "минус беске" бағалайтынын айтып, атқарылған істерге көңілі толмайтынын жеткізді.
"Кез келген мемлекеттік органға баға беретінімізді еске салайын. Мен сіздің министрлігіңізге 0-ден 5-ке дейінгі емес, минус 5-тен 0-ге дейінгі межемен алып, "минус бес" деп баға бергім келіп тұр. Өрттен қаза тапқан адамдардың және қызметкерлердің саны азаймайынша министрлік 0-ге жұмыс істеп жатыр деп біліңіз. Сіздердің міндеттеріңіз - адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау екенін ескеріңіздер", - деді ол.
Төтенше жағдайлар министрі өзіне қойылған бағаны қабылдағанын айтады.
"Бірақ мен туралы айтпағанда, вице-министрден бастап, қатардағы жауынгерге дейін, біздің қызметкерлер, әскери қызметшілер күндіз-түні өз міндеттерін орындайды. Менің ойымша, олар міндетін толық орындап жатыр. Біздегі мәселелерге қарамастан, 30 жылдық жүйеге қарамастан, олар осы майданда жеңіске жетіп жатыр, әлі де нәтиже береді. Барлық қиындыққа қарамастан, біз бәрібір нәтиже беріп жатырмыз. Мен мұны жігіттердің, адал қызмет ететін жауынгерлердің жеңісі деп санаймын. Сондықтан мереке қарсаңында оларға мұндай баға алу жағымды болады деп ойлаймын", - деп жауап берді Әрінов.
Еске сала кетейік, бұған дейін ТЖМ министрі Шыңғыс Әрінов ведомстводағы жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан шаралар жайлы айтқан еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!