Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасымен бірлескен кеңес өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінгі 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде болған.
Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ, Қостанай және Алматы облыстарында болған. Бұл қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру деректері басым.
"Заңсыз сыйақы" өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін берілген.
Агенттік төрағасының айтуынша, жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлықпен күреске қарамастан, ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес.
"Күні кеше Жетісу облысында жергілікті ТЖ бөлім басшысы жұмысқа алған адамнан ақша алғаны анықталды. Бүгінгі іс-шараның өтетінін біле тұра, сонда да қылмысқа барып отыр. Бұған қатысты профилактикалық тұрғыда нақты әрекет ету қажет. Қызметкерлердің мінез-құлқын түзетіп, психологиялық көзқарасын өзгерту маңызды", - деді Асхат Жұмағали.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, Шымкент қаласының және Жетісу облысының департамент басшылары ұсталған болатын.
Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасасу жолымен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеп, олар бойынша уақтылы ақы төлеуін қамтамасыз етті деген күдікке ілінді.
Басшылық құрамның қатысуымен болған сыбайлас жемқорлық деректері Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында да болған.
Өз кезегінде, төтенше жағдайлар министрі бұл деректерді мойындап, ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін түбегейлі қадамдар жасайтынын мәлімдеді.
"Бұл - біздің қызметкерлер үшін жағаұстатарлық жағдай. Бұл адамдар белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген үздік қызметкерлердің қатарынан болатын. Дегенмен осы жағдайда олардың біз білмеген теріс қасиеті - екіжүзділігі әшкереленді. Бұл деректерге қатаң сынмен қараймыз. Бұдан біз тиісті сабақ аламыз, қарапайым өртсөндірушілер бізге сенімді болуы керек" - деді Сырым Шәріпханов.
ТЖ министрлігіне жеке құрам арасында жүргізілетін алдын алу жұмыстарын күшейту ұсынылды.
"Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, проблемалық учаскелерді зерделеу, сондай-ақ, ведомствоның барлық қызметкерлерін адалдық тұрғысында тексеруді апробациялау қажет" - деді Асхат Жұмағали.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз