Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жаңажылдық мерекелер кезінде қызмет көрсетудің күшейтілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдарының ықтимал төтенше жағдайлар мен оқиғаларға жедел ден қоюға дайындығын қамтамасыз ету мақсатында мереке және демалыс күндері Қазақстан Республикасы ТЖМ бөлімшелері күшейтілген қызмет атқару режиміне ауыстырылды.
"ТЖМ-нің бүкіл құтқару корпусы күшейтілген режимде дайындықта тұр, оның ішінде 3 000-нан аса жедел ден қоюға әзірлікке келтіріліп, қызмет атқарып жатыр. Бұл өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарының өртсөндірушілері, жедел-құтқару жасақтарының құтқарушылары, ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, құтқару авиациясының ұшу құрамы, сейсмологтар, психологиялық қызметтердің өкілдері, диспетчерлік қызметтердің жедел кезекшілері", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, шамамен 1 200 бірлік құтқару техникасы жедел ден қоюға дайындықта тұр.
"Барлық бөлімшеде күштер мен құралдар тексеруден өткізілді. ТЖМ азаматтарды жаңажылдық мереке күндері қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді, қажет болған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыздар", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!