Павлодар облысындағы "Майқайың-алтын" кенішінде жер астына түсіп кеткен автобустағы екі адамның туыстары олар әлі де тірі болуы мүмкін деген сенімде. Ал төтенше жағдайлар вице-министрі құтқару жұмыстарының аса ауыр жағдайда жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Десе де екі аптадан бері табылмаған екі азаматтың аман қалуы ықтимал дейді Бауыржан Сыздықов. Ол дәл осындай ғажап оқиға шет мемлекеттердің бірінде болғанын айтады.
"Ондай да жақсы болжам бар, бірақ нақты уақытын дөп басып айта алмаймыз. Өйткені жағдай өте күрделі. Автобустың қай жерде жатқаны анықталғанымен, оған жету оңай болмай жатыр. Арнайы құрылғы автобусты көрсеткенімен, оның астында бос кеңістік болуы мүмкін. Құтқарушылардың өміріне де қауіпті", - деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.
Еске салайық, бұған дейін 13 тәуліктен бері автобуспен бірге жер астында жатқан құтқарушы Айдос Шаймерденді үйінде бес баласы күтіп отырғанын жазған едік.
"Майқайың Алтын" кәсіпорнында жедел алдын алу жасағы командирінің орынбасары болып қызмет атқарған Айдос Әлібайұлы 1987 жылы 17қыркүйекте дүниеге келген. Әйелі Нұрсұлу Жанатқызы 1990 жылғы. Майқайың кентіндегі №2 мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Айдос пен Нұрсұлудың кәмелетке толмаған бес баласы бар.
Автобустағы екінші адам - төрт күн бұрын 55 жасқа толған Айып Тілеубергенов. Ол жедел құтқару көлігінің тізгіншісі. Екі ұл бір қыздың әкесі. Ал, бұған дейін денесі табылған құтқарушының бірі 1999 жылғы Сарқыт Бердіқан. Оның артында 2022 және 2023 жылдары өмірге келген екі ұлы жетім қалды. Ал, 53 жастағы Олег Тышкевичтің бір ұл бір қызы қалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!