ТЖД қызметкері қансырап көмек сұраған жасөспірімге дер кезінде көмектеспеген: сот өтіп жатыр

Ақтөбеде қансырап жатып көмек сұраған жасөспірімнің сөзін елемеген құтқарушы сот алдында жауап беріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Абылайхан Бержановқа жұмысына салғырт қарады деп айып тағылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Осыдан тоғыз ай бұрын түн жарымында 112 құтқару қызметіне 13 жастағы София хабарласқан. Байланыс бірнеше рет үзіліп кеткен. Кейін телефон тұтқасын көтерген кезекшінің көмекшісіне жасөспірім пышақ жарақатын алғанын, анасы мен бауырын қылмыскер өлтіріп кеткенін айтады. Бірақ оған Абылайхан Бержанов илана қоймапты. Керісінше, балаға ойнамай, тыныш отыруын сұрайды. Қансыраған жасөспірім осы аралықта талып қалған. Есін қайта жиып, тағы да құтқару қызметінен көмек сұрайды. Оқушы бірнеше рет мекенжайды анық айтып, "ауыр жарақат алдым" десе де, қоңырауға жауап берген кезекші сенбеген. Тек 55 минут өткенде барып қана жедел жәрдем шақыртыпты.

Дәрігерлер Софияны аман алып қалды. Қыздың анасы мен ағасын пышақтап өлтірген қылмыскер пәтерге балконнан кірген. Кейін ұсталып, абақтыда өзіне қол салған. Қазір марқұм сотталушының ата-анасы баласының мұндай жауыздыққа барғанына сенбей сотқа жүгінді.

"29 наурыз күні кәмелетке толмаған Игнатьева пышақ жарақатын алған соң бірнеше рет 112 қызметіне хабарласқан. Қылмыскер ағасын өлтіріп, өзін пышақтап, тұншықтырғанын айтады. Бірақ оған Бержанов сенбей, ешқандай шара қолданбаған. Тек үшінші қоңыраудан соң ғана жедел жәрдем жібереді", - дейді Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Әсел Таналиева.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!