Әлеуметтік желілерде Каспий теңізінде туған күні жоғалып кеткен 18 жастағы Азамат Дүйсехановтың денесін халық емшісі тапқызды деген видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Алайда Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство мұндай әңгімелер жұртты жаңылыстырып, бір апта бойы жүргізілген іздестіру жұмыстарына қатысқан мамандардың еңбегін жоққа шығаратынын мәлімдеді.
Видеода емші алдымен жоғалған жігіттің туыстары туралы сұрағаны айтылады. Бауыржан есімді туысы бар екенін естіген соң, қазанға анасының шашының бір талын және жігіттің киімін салып, оны теңізге тастау керегін айтқан. Оның сөзінше, содан кейін мәйіт су бетіне қалқып шығуы тиіс болған. Видеода туыстары бұл рәсімді 15 шілде күні таңертең орындап, ал түсте мәйіт табылғаны айтылған.
Алайда ТЖД өкілдерінің мәліметінше, жігіттің денесі арнайы жоспар бойынша жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде табылған.
Марқұмның туыстары шынында да бақсы-балгерлер мен халық емшілерінен көмек сұраған. Бірақ олардың көрсеткен орындарының ешқайсысы нәтиже бермеген.
«Іздестіру кезінде туыстары құтқарушылардан бақсы-балгерлер мен халық емшілері айтқан бірнеше орынды тексеруді бірнеше рет өтінді. Отбасының ауыр жағдайын түсінген мамандар ол жерлерді де қарап шықты. Алайда олардың ешқайсысы расталмады», – деді Маңғыстау облысы ТЖД өкілдері.
Іздестіру-құтқару жұмыстары 7-15 шілде аралығында күн сайын таңнан кешке дейін жүргізілді. Оған құтқарушылар, Әскери-теңіз күштері, ҰҚК Шекара қызметі, еріктілер және өзге де қызмет өкілдері қатысты.
Іздестіру барысында қайықтар, эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, арнайы техника және Ми-8 тікұшағы пайдаланылды. Құтқарушылар күн сайын теңіз акваториясы мен жағалау аумағын түгел тексеріп отырған.
«Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған "мәйіт қазан теңізге тасталғаннан кейін табылды" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл іздестіру жұмыстарына қатысқан мамандардың бірнеше күндік еңбегіне көлеңке түсіреді. Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз. Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады», – деді ведомство өкілдері.
Видеоның астындағы пікірлерде жұрттың пікірі екіге жарылды. Бірі халық емшісінің айтқанына сенсе, енді бірі құтқарушылардың кәсіби жұмысының нәтижесі екенін алға тартты.
Еске сала кетейік, Азамат Дүйсеханов 18 жасқа толған күнінен бері жоғалғандар тізімінде болған еді. 7 шілдеде ол Ақтаудан шамамен 48 шақырым жерде орналасқан O'Mir курорттық қонақүйінің жанындағы жағалауда достарымен бірге туған күнін атап өткен. Оның денесі 15 шілдеде Ақтаудан 51 шақырым жерде, жағалаудан шамамен 10 метр қашықтықта табылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!