Т.Жалмұрзенов: «Ұлы дала елі» экспедициясы киелі жерлерімізді танытудың бірден-бір жолы

«Ұлы дала елі» экспедициясы киелі жерлерімізді танытуға зор мүмкіндік береді. Мұндай пікірді СҚО Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Журналистер одағының мүшесі, ақын, Айыртау ауданының құрметті азаматы Тайлақ Жалмұрзенов мәлімдеді.

«Мен экспедицияның, ғалымдардың Айыртау ауданына ат басын тірегеніне өте риза болып отырмын. Өйткені, біз киелі жерімізді осы көштің, ғалымдардың көмегімен танытамыз. Керей мен Жәнібек хандардың ұлылығын айтып, біз Абылай, Кенесары хандарымызды ұмытпауымыз керек. Алаштың басын қосуда үлкен ерлік жасаған Абылай ханды біз қалай ұмытамыз? Басты би Қанайды да ұмытпауымыз керек, өйткені, жеңіске жетуімізге атақты Қарауыл би, Қарауылдың ұрпақтары, әулеттері үлкен үлес қосқан. Атығай Қарауыл деп айтамыз ғой, енді оларды біз бөлмейміз. Мен рушыл емеспін, бірақ, тегімізді білген жақсы ғой. Атығай Қарауыл дегенде мынау Зілқараның Әлібегін айтамыз. Ақан сері Құлагерді бәйгеге қосарда, аға сұлтан сол Зілқараның Әлібегіне барып, батасын алған екен. Осындай мәліметтер, жалпы қазақ хандары туралы Кеңес үкімет кезінде ештеңе айтылмады. Ал тереңге бойласақ, біздің тарихымыз өте бай. Біздің ұрпағымыз солардың барлығын біліп өсуі керек. Өйткені, жыл өткен сайын халқымыз өзінің ұлылығын, даналығын осымен паш етеді. Ән де бізде, өнер де бізде, батыр да бізде, балуан да бізде. Сондықтан, мен халқыма амандық тілеймін, баянды бақыт тілеймін, еңбектерің жана берсін», - деп ақын атамыз тілегін білдірді.

Тайлақ Наушаұлы 42 жыл бойы журналист, 25 жыл редактор болған. Сондай-ақ облыстық газетте бөлім бастығы қызметін атқарған. Тарихты зерттеумен де айналысқан, және бұл істі одан әрі жалғастырып келеді.

«Зерттеу жағына келетін болсақ, осы Ботайды жазуда өзіндік үлесім бар. Ақан сері, Үкілі Ыбырайды, Шоқан бабамызды, Айғаным әжемді жазуда біз айтыскер ақын Жұмабай Есекеев, марқұм Имантаев деген ағаларымызбен бірге үлес қостық. Сол ағаларымызбен, бес журналист осы Айыртаудан шықтық. Оның ішінде Кәрібай Мұсырман да бар. Бәріміз жиналып отырып, осы елдің тарихын, осы елдің жақсы қасиеттерін жазып келдік және жаза бермекпіз», - дейді Т.Жалмұрзенов.

Сондай-ақ ардагер журналист Солтүстік Қазақстан облысының табиғаты көркем, тарихы бай өлкесі – Айыртау ауданы туралы ойымен бөлісті.

«Біз енді Айыртауды – киелі Айыртау деп атаймыз. Бұл – Шоқанның елі, Ақанның елі, Бәйкен Әшімовтың, Кәкімбек Салықовтың елі. Бұл жердің киелілігі сонда, ақиық Ақан сері өзінің әншілігімен ғана емес, ақындығымен, өнерімен есте қалды. Ал енді Шоқан Уәлихановтың өзі Ақан серіге әрдайым қамқорлық жасаған ұлы атамыз, ұлы бабамыз. Соның ішінде тағы бір ерекше атап өтетін тұлға – Айғаным әжеміз. Әлемдегі небір құдіреттің бәрі ананың ақ сүтімен тараған, «Ардақтасақ, ананы ардақтайық, мадақтасақ, ананы мадақтайық» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Біз алдымен сол ұлағатты ұлы анамызды – Айғаным әжемізді мақтан етеміз. Жерімізді, елдігімізді сақтаған, кешегі ұлы ақындардың басы – Орынбай ақынның өзі әжемізге құрмет көрсеткен. Одан кейін Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың бәрі де өздерінің өнерін сол ордамызда, ақордамызда, сол Айғаным әжеміздің үй жайында көрсетіп, үлкен мерекелердің барлығын сол жерде қарсы алып, тағзым етіп отырған», - деп әңгімеледі Тайлақ Наушаұлы.

Айта кету керек, «Ұлы дала елі» экспедициясы Ақмола облысын аралап шықты. Қазір топ Солтүстік Қазақстан облысының тарихымен таныса бастады.

Дереккөз: bnews.kz