Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен жеке тұлғаларға өтемақы төленеді. Бұл туралы Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров айтты.
Оның айтуынша, қалада орын алған тәртіпсіздіктен 603 қызметкер зардап шеккен. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының 592 қызметкері, Төтенше жағдайлар департаментінің 1 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 3 қызметкері, "Алматы" телеарнасының 1 қызметкері және медициналық ұйымдардың 6 қызметкері бар. Олардың барлығына өтемақы төленеді.
Әкім орынбасарының айтуынша, Ауыр дәрежеде зардап шеккендер – 2 млн теңге, орташа дәрежеде – 1 млн теңге, жеңіл түрде – 500 мың теңге төленеді.
Сонымен қатар, қалада төтенше жағдай кезінде жұмылдырылған Полиция департаментінің 3878 қызметкеріне, Төтенше жағдайлар департаментінің 1207 қызметкеріне, Қоғамдық денсаулық басқармасының 3888 қызметкеріне, құтқару қызметінің 93 қызметкеріне 100 мың теңге қаржылай көмек төленеді.