Әйгілі "Титаник" кемесінің қалдықтарын зерттеуге аттанған "Титан" батискафының экипажы қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы суасты аппаратының операторы – OceanGate Expeditions компаниясы CNN телеарнасына хабарлады.
АҚШ жағалау күзеті "Титан" экипажы қаза тапқанын растаған.
"Титаникке" қарай бет алған суасты аппараты "алапат жарылысқа" ұшыраған. Бұған дейін OceanGate Expeditions туристік компаниясы бортта бес адам - Хамиш Хардинг, Шахзада Давуд және оның ұлы Сулейман Давуд, Поль-Анри Наржоле және OceanGate бас директоры Стоктон Раш болғанын хабарлаған.
Бейсенбіде, 22 маусымда АҚШ жағалау күзетінің контр-адмиралы Джон Могер бортта болғандардың бәрі қаза тапқанын мәлімдеді.
"Титан" аппараты Атлант мұхитының солтүстік бөлігіндегі "Титаник" апаты орнына жексенбі, 18 маусымда аттанған. Келесі күні, 19 маусымда экипаждан байланыс үзілген.
"Титаник" орнына барған экспедициялар бұған дейін де апатқа ұшыраған. The Daily Telegraph 2019 жылы шілдеде бортында ағылшын ғалымдары бар суасты аппараты "Титаник" қалдықтарына соқтыққанын жазды. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ, оқиғаның өзі көп уақыт жария етілмеген.
"Титаник" трансатлантикалық жолаушылар кемесі 1912 жылғы 15 сәуірге қараған түні айсбергке соғылып, апат салдарынан суға батып кеткен. Бұл оқиға ХХ ғасырдағы ең ірі әрі ең айтулы кеме апаттарының бірі болды. Кеме апатынан кем дегенде 1500-ге жуық адам қаза тапты.
Солтүстік Атлантикадағы апат орны – дүниежүзі туристері көп баратын бағыттардың бірі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!