Алматыда кәмелетке толмаған қызға тиісті деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұған дейін қыздың анасы әлеуметтік желіде оқиға туралы жазба жариялап, күдіктіге қатысты шара қолдануды талап еткен еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әйел Threads желісінде жазба қалдырған. Ол кеше кешкісін 17 жастағы қызына бір шетелдік тиіскенін айтқан.
"Ол бұталардың арасынан шыға келіп, қызымды дауыстап шақыра бастады. Орысша "сәлеметсіз бе" деген сөзді үш рет айтты да, телефон экранын көрсетті. Экранда араб тілінен аудармашы арқылы жазылған мәтін тұр екен: "Қыз досым бес күн бұрын қайтыс болды, мен біреуді құшақтағым келіп тұр". Сосын ыммен сол бұталардың ішіне кіруге шақырды. Қызым қорқып кетіп, "жоқ" деп айтып, қашып кеткен", – деп бөлісті қыздың анасы.
Анасының айтуынша, үйге келген соң қызы болған жағдайды айтып берген.
Жазба астындағы пікірлерде кей қолданушылар осыған ұқсас жағдайды да еске алған.
Полиция не дейді?
Алматы қалалық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.
"Алматының тұрғыны кәмелетке толмаған қызына белгісіз ер адамның тиіскені туралы жолдаған өтініш Алмалы аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазір оқиғаға қатысты барлық мән-жай анықталып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ер адамды анықтап, ұстады", – деп хабарлады Алматы полициясының баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері тексеріс қорытындысы бойынша қажетті шешім қабылданып, оның әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілетінін қосты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz