Тимур Мұратов Денсаулық сақтау вице-министрі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Тимур Мұратұлы Мұратов Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды", - делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ол мұның алдында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басшысы қызметін атқарды.
Жаңа вице-министр бірге жұмыс істеген экс-әріптестеріне алғыс айтты.
"Бүгін менің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басшысы қызметіндегі соңғы жұмыс күнім болды. Абыройлы қызметті аяқтар сәтте осы салаға алғаш қалай аяқ басқаным есіме түсіп кетті. Шынында мен бала күнімнен адамдарға көмектесіп, үлкен-кішіге қарайласып, қолымнан келгенін аямауға тырысатынмын. Бұл қасиет ата-әжемнен дарыса керек. Бала күнімде солардың қолында өстім. Мұны марқұм әкем байқаған болуы керек, мені медицина университетіне оқуға түсуге көндірді. Бірақ мен дәрігер емес, сәулетші, банк қызметкері немесе әкем секілді зоотехник боламын деп ойлаушы едім. Оқу орнын тәмамдап, ант қабылдадым, ақ халатты абзал жанға айналдым. Алғашқы науқастарымды қабылдап, еңбек жолымды бастап кеттім. Осы уақытқа дейін жұмыла жұмыс істеп, біріге әрекет ете білген ұйымшыл ұжымым, сіздерге зор алғыс! Әрқайсыңыздың қызмет жолында өсіп, өнулеріңізді тілеймін!", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!