Депутат Ермұрат Бапи спорт саласындағы жемқорлықпен күресу керегін айтып, депутаттық сауал жолдаған еді. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Ермұрат Бапиге жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының алдындағы лицензиялық спорттық турнирлерге кәсіби спортшыларды апару мәселесіне қатысты. Дене шынықтыру және спорт туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаты барлық жеке адам үшін дене шынықтырумен және спортпен айналысу теңдігі және олардың жалпыға бірдей қолжетімділігі негізінде жүргізіледі.
ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылғы 26 шілде және 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Олимпиада ойындарының бағдарламасында 32 спорт түрі енген. Қазақстанның құрамасы 20 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда, еліміздің спортшыларымен 19 лицензияға қол жеткізілді, сонымен қатар, ойындарға қатысуға ең ықтимал үміткерлер құрамы құрылды. Бұл құрамда 79 спортшы ұсынылды. Олимпиада ойындарының алдында құрама командалар 5 лицензиялық Әлем чемпионатында, 7 Азия чемпионатында, 16 Әлемдік және Азиялық біліктілік турнирлерінде, 50-ден астам Әлемдік рейтингтік турнирлерге қатысуды жоспарлап отыр. Ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару туралы депутаттың ұсынысын қолдаймыз ", - делінген жауапта.
Тамара Дүйсенова спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жою мәселесіне қатысты тоқталды.
"Мемлекет басшысы ХІХ жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесу қорытындысы бойынша спорт федерацияларының қызметіне тексеру жүргізуді тапсырды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында 2023 жылғы 19 қазанда № 268 "Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы" бірлескен бұйрық бекітілді. 2023 жылғы қазаннан бастап Бұйрыққа сәйкес спорт саласы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Талдау шеңберінде, Агенттік Спортты қолдау қорының, федерациялардың, өңірлердегі Дене шынықтыру және спорт басқармаларының, Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне және Министрлікке бағынысты ұйымдардың қаржыландырылуы бойынша тексеріс жүргізіп жатыр", - деді премьер-минитсрдің орынбасары.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, Бас прокуратураның бастамасымен Үкімет Қаржы министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға Спорт федерацияларының мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалануының заңдылығын тексеруді тапсырды.
"Мәселені жүйелі шешу үшін Үкімет спорт федерацияларының қызметін трансформациялау көзделген Заң1 жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне жолдады. Ұлттық олимпиада комитетінің басшылық құрамы бойынша мәселе ағымдағы жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің отырысында талқылау жоспарланып отыр", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Депутат Ермұрат Бапи Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктері құлдырай бастағанын айтқан еді.
"Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең "Ескі Қазақстанның" өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр. Сонымен қатар Комитетке мүше болып сайлануға 70 жастық шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл цензденасып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар. Ұлттық Олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болады?
Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды, Оның ішінде: "АЛМЭКС" Холдингтік тобы, "Каспий Мұнай" және "Retro Retail" мұнай компаниялары бар. Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?!", - дейді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!