Тимур Әбілқасымов жаңа қызметке тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Бөкейханұлы Әбілқасымов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды",- делінген хабарламада.
Тимур Әбілқасымов – Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын "бизнес экономикасы" және "мемлекеттік саясат экономикасы" мамандықтары бойынша 2011 жылы аяқтады, Лондон бизнес және қаржы мектебінде "тәуекел-менеджмент" мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған. Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы FRM (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері.
Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар. Әбілқасымов "Қазтеміртранс" АҚ және Kazakhstan Energy Reinsurance Company директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарды, сондай-ақ М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді. Тәуекелдерді басқару, модельдеу және қаржы секторы мәселелеріне арналған Risk Takers телеграм-арнасының авторы болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!