Павлодар облысында мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Өңір прокуратурасы жер телімдерінің не себепті қайтарылғанын және олардың құнын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Прокуратураның мәліметінше, Ертіс ауданында жалпы аумағы 89 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің тиімсіз пайдаланылғаны анықталған.
"Прокуратура жүргізген талдау 54 жер пайдаланушының ауыл шаруашылығы алқаптарын жер заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдаланғанын көрсетті. Жалпы аумағы 56 мың гектардан асатын жерлерге қатысты 15 дерек бойынша материалдар шара қабылдау және тексеру жүргізу үшін Павлодар облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Нәтижесінде кадастрлық құны 18 млн теңгеден асатын 2531,2 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды", - деп мәлімдеді Павлодар облысының прокуратурасы.
Қайтарылған жер телімдері Ертіс ауданының арнайы жер қорына енгізілді. Алдағы уақытта олар заңда белгіленген тәртіппен шаруа және фермер қожалықтарын жүргізу үшін азаматтарға беріледі.
Прокуратура өкілдері ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Жер ресурстары - агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі тетіктерінің бірі. Заңнамада жайылымдарға түсетін ең төменгі рұқсат етілген жүктеме талаптары қарастырылған. Себебі ауыл шаруашылығы жануарларының жеткілікті болуы жердің құнарлылығын сақтауға, жемшөп қорын қалпына келтіруге және топырақтың тозуына жол бермеуге ықпал етеді", - делінген прокуратура хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz