Мемлекет басшысы Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына ден қою қажет деп санайды.
"Аймақ экономикасы тұрақты және әртарапты болуы үшін кәсіпкерлікті дамыту аса маңызды. Қазіргі таңда облыста 77 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Олар 150 мың адамға жұмыс беріп отыр. Былтыр кәсіп иелері шығарып жатқан өнім көлемі 270,5 миллиардқа өсіп, 2,2 триллион теңгеге жетті. Биыл аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен 16 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінеді. Қазірдің өзінде 12,5 миллиард теңге бөлініп, 150 жобаға қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек жақын арада Mangystau Business бағдарламасы іске қосылады. Осы ауқымды жұмыстың аясында 30 жаңа жобаға қаржы бөлінбек, жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге болады. Өздеріңіз білесіздер, облыстың өз ерекшелігі бар. Атап айтқанда, мұнай өндірісінің басым болуы, шөлді жерде тұрғаны, су тапшылығы, азық-түлік импортына тәуелділік. Сондықтан жоспардағы барлық шаруаны тиімді іске асыру үшін мемлекеттік органдардың бәрі жұмыла жұмыс істеуі керек. "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін беретін орталық болуға тиіс. Қазір онда 22 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі 337 миллиард теңге болды, соның тең жартысы – шетел инвестициясы. Биыл арнайы экономикалық аймақтың аумағын жеті есе ұлғайту жоспарланып отыр, яғни 3,7 мың гектардан 26,5 мың гектарға дейін. Бұл – орынды шешім. Әкімнің де экономикалық аймаққа қатысты ұсыныстары бар. Халық тұтынатын тауарларды, соның ішінде азық-түлік өндірісін экономикалық қызмет түріне қосуға болады. Дегенмен жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру қажет. Үкімет пен әкімдік осы салаға егжей-тегжей талдау жасап, тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Қағазбастылық болмауы керек, нақты, нәтижелі жұмыс қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атады.
"Туризм – аймақ экономикасының мұнай-газ саласынан кейінгі маңызды секторы. Былтыр облысқа шетелден 43 мың турист келді. Еліміздің басқа аймақтарынан келген қонақтардың саны 460 мыңға жуықтады. Соңғы үш жылда жалпы туристер саны 1,5 есе артты. Жазда қонақүйлердің 90 пайыздан астамы бос болмайды. Бекет Ата жерасты мешітіне, Бозжыра шатқалына, Айрақтыдағы "Қамалдар алқабына" және Торыштағы домалақ тастарға туристер өте көп барады. Маңғыстауға келетін әрбір оныншы адам осы нысандарға арнайы соғады. Туристерге, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау қажет. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Бекет Ата жерасты мешітіне көтерілу үшін автоматты қондырғы орнату туралы ұсынысты мұқият қарау керек. Жалпы туристік нысандарға сондай жүйе орнату әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ кесене – халқымыз үшін киелі орын. Сондықтан жұртшылықпен, түрлі мамандармен ақылдасып, жан-жақты ойластырып шешім қабылдаған жөн. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Мен былтыр туризмді дамыту жөніндегі жиында әлеуеті зор бағыттарды атап өттім. Ал нақты Ақтауға келетін болсақ, бұл – көлік-логистика, туризм тұрғысынан бірегей қала. Бұл әлеуетті тиімді пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, теңіз туризміне баса назар аудару қажет. Бес елдің теңіз айлақтары бір-біріне жақын орналасқан. Ресей, Иран және Кавказ елдерінің миллионнан аса тұрғыны бар 10 қаласынан туристер шақыруға болады. Ыстанбұл, Анталья, Лондон, Мәскеу, Астрахань, Тбилиси, Баку және басқа да қалалардан шығатын ұшақтардың транзиттік дәліздері осы жерде тоғысады. Мұның бәрі туризмнің қарқынды дамуына жол ашады. Ақтау портында жаңа теңіз портын салу қажеттігі туындап отыр. Айлақтарды жолаушы таситын кемелер тоқтауға болатындай етіп жаңғырту керек", - деді Президент.
Мемлекет басшысы туризм саласына жеке инвестиция тарту мәселесіне тоқталды.
"Үкімет "Маңғыстау" туристік аймағын дамытудың кешенді жоспарын шұғыл түрде бітіруі керек. Маусым айында бұл жоспарды мақұлдаймыз. Облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен осы салаға жеке инвестиция тарту мәселесін пысықтауы қажет. Тағы бір мәселе, бұл – іс-шаралар туризмі (Event tourism). Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды. Жақында ашылу рәсімі жақсы өтті. Бұл іс-шараға өз азаматтарымызбен қатар, түркітілдес елдер де зор қызығушылық танытты. Алдағы уақытта 30-дан аса іс-шара өткізіледі. Осының бәрі аймаққа туристер тартуға жол ашуға тиіс. Бұл жұмысты белсенді жүргізу қажет. Жалпы аймаққа шетел инвестициясы тұрақты келіп жатыр. Бірақ оның үштен екісі мұнай-газ секторына тиесілі. Сондықтан басқа да салаларға белсенді түрде инвестор тарту қажет", - деді Президент.
Президент Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретіндегі рөлін арттыра түсу қажет екенін мәлімдеді.
"Маңғыстау облысы еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру ісінде маңызды рөл атқарады. Бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы халықаралық көлік дәліздері тоғысқан бірегей жер. Біз теңіз инфрақұрылымын, соның ішінде Ақтау және Құрық порттарын дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Осы айлақтар Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі негізгі тораптың бірі саналады. Соңғы жылдары бұл дәліз арқылы жүк жеткізу мерзімі үш есе қысқарды. Тасымал құны тұрақталды. Озық технологиялар жаппай енгізіле бастады. Халықаралық логистикалық компаниялар еліміздің көлік саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Олар, әсіресе, теңіз порттарын дамыту ісіне қаржы құюға мүдделі. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, шетел инвесторларымен белсенді жұмыс істеуі керек. Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретіндегі рөлін арттыра түсу қажет. Көлік, темір жол және теңіз порты инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларды тездетіп жүзеге асыру керек. Биыл Құрық-Жетібай тас жолын жөндеу жұмысы аяқталады. Енді Түрікменстан бағыты бойынша көлік-тасымал әлеуетін арттыру қажет. Жаңаөзеннен шығып, Кендірлі арқылы Түрікменстан шекарасына дейін баратын күре жолды жөндеуге биылдан бастап кірісуді тапсырамын. Темір жол бекеттерін жаңғырту және жаңарту жұмысы басталды. Еліміз бойынша 125 вокзалды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе бекеттері бар. Жолаушыларға, әсіресе, өз бетімен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолайлы жағдай жасалады. Бұл шаралар облыстағы және жалпы еліміздегі көлік қатынасын жақсарта түсетіні сөзсіз. Алты жылдан бері тоқтап тұрған "Бейнеу астық терминалы" биыл қаңтарда іске қосылды. Қазір онда бір мезетте 100 мың тонна астық сақтауға болады. Сондай-ақ, күніне 150 тонна ұн, 50 тонна жем шығаруға мүмкіндік бар. Ал жаңғырту жұмысынан кейін бұл көрсеткіштер 400 тонна ұн және 100 тонна жемге дейін артады. Астық терминалының қуатын арттырып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жөн. Оны құрлықтағы Өткел кешені ретінде пайдалану қажет. Сол арқылы Каспий маңындағы елдерге өз өнімдерімізді экспорттай аламыз", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс орындары экология талаптарын міндетті түрде сақтауға тиіс екенін айтты.
"Аймақтағы экология мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлу қажет. Облыс орталығының маңайында өнеркәсіптік кәсіпорындар көп. Олар міндетті түрде экология талаптарын сақтауға тиіс. "Қошқар-Ата" қалдықтар қоймасына қатысты түйткіл талайдан бері шешімін таппай келеді. Онда Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатына қарасты 3 зауыттан шыққан 105 миллион тонна қалдық жатыр. Бұдан бөлек аймақтағы полигондарда 200 мың тоннадан аса қоқыс жиналып қалған. Рұқсат етілмеген жерге заңсыз тасталған қоқыстар да көп. Жалпы облыста қоқыс тастайтын 68 рұқсат етілмеген орын бар. Оның алпысы жойылды, сегізі кәсіпкерлерге тиесілі жерде орналасқан. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Осы мәселелерді шұғыл шешу үшін Үкімет облыс әкімдігімен бірге қажет шараларды қабылдауға тиіс. Бұл мәселе бойынша Үкімет тоқсан сайын маған тікелей баяндауы керек. "Таза Қазақстан" акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру ісін жалғастыру қажет. Ақтауда ағаштарды көбірек отырғызуға тырысу керек. "Таза" деген – киелі сөз, аса маңызды ұғым. Бұл ұғым халқымыздың болмысының бір бөлігі болуы қажет", - деді Президент.
Мемлекет басшысы облыстағы білім сапасын жетілдіруге мән берді.
"Аймақта білім сапасын жақсарту үшін бірқатар шара қабылданды. Бірақ жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Екіден алты жасқа дейінгі балалардың 93,9 пайызы балабақшаға барады, яғни 46 мың бала. Бірақ орын тапшылығы әлі жойылған жоқ. 3,5 мыңға жуық бала кезекте тұр. Білім сапасына қатысты түйткілдер бар. Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни 20 пайызы оқуға түсуге қажет ең төменгі балдың өзін жинай алмаған. Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі. Биыл қаңтардағы тестілеуге 8 мыңнан аса оқушы қатысқан. Оның үштен бірі шекті көрсеткіштен өте алмаған. Облыстағы ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы – өзекті мәселенің бірі. Тіпті Ақтау мен Жаңаөзендегі мектептердің білім деңгейінде айырмашылық бар. Мектептегі орын тапшылығы азаймақ түгілі көбейіп барады. Қазір 14 мыңға жуық орын жетіспейді. Үш ауысымды және апат жағдайындағы мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. "Самұрық-Қазына" қоры облыс әкімдігімен бірлесіп, жайлы мектептердің құрылысын тездетуі қажет. Бұған қоса сапалы стандартты мектеп салу жұмысын жалғастыру керек. Жалпы осы саладағы түйткілдерді шешу үшін Білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы қабылданды. Алайда нақты нәтиже жоқ. Жол картасын сапалы әрі толық жүзеге асыру үшін жұмысты барынша жандандыру қажет", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былай түйіндеді:
"Қорыта айтқанда, бірінші талабым – бәріміз адал жұмыс істеуіміз керек. Екінші талабым – бәріміз озық ойлы болуымыз қажет. Үшінші талабым – жастарымызға дұрыс білім мен тәрбие беріп, оларға жол ашуымыз керек. Ал Маңғыстау облысына келсек, біз бұл аймақты жедел дамудың үлгісі ретінде көрсетуіміз керек. Облыстың әлеуеті зор. Соны тиімді пайдаланбасақ, бәрімізге кешірілмес күнә болады. Рақмет баршаңызға", - деді Мемлекет басшысы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз