Мәжіліс депутаты Данабек Исабек балаларға арналған цифрлық контенттің сапасы туралы айтып, мәселе өте маңызды екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың пікірінше, бүгінде ең маңызды мәселенің бірі - қазақ тіліндегі сапалы контент тапшы болуы.
"Бұл жай ғана мәдени мәселе емес. Бұл - ұлттық қауіпсіздік, идеология және келешек ұрпақтың дүниетанымы мәселесі. Бүгінде балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек. Әсіресе, жазғы каникул кезінде жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға, бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі ақпараттық ықпалдың ортасына түсіп жатыр. Бұл - өте маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Себебі дәл осы кезеңде балалардың ойлау жүйесі, мінез-құлқы, тілдік ортасы және құндылығы қалыптасады. Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі балалар контенті, танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы агрессивті ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр", - деді ол.
Оның сөзінше, салдарынан ұлттық мәдени код әлсіреп, шетелдік мәдени ықпал басым болып, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық орта қалыптаспай жатыр.
"Қазір мемлекеттің шекарасы тек жермен емес, ақпаратпен де қорғалатынын түсінуіміз керек. Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпал қалыптастырса, Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды, ал Түркия тарихи сериалдар арқылы мәдени ықпалын күшейтіп отыр. Қазіргі жағдайда балаларға арналған қазақша мультфильмдер аз, ғылыми-ағартушылық YouTube жобалары жеткіліксіз, қазақ тіліндегі IT және білім платформалары әлсіз, балалар психологиясына зиян контентке бақылау жеткіліксіз болып отыр", - деді депутат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова