TikTok-та тікелей эфирде отырып, шектен шыққандар: Қазақстанда 9 стример жауапқа тартылды

TikTok-та тікелей эфирде отырып, шектен шыққандар: Қазақстанда 9 стример жауапқа тартылды
Фото: Видео кадры

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, олар лайк, қаралым және донат үшін ештеңеден тайынбай, шектен шыққан, TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлаған.

"TikTok-та "Бауырсақ" лақапатымен танымал Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Ештаева Индира Оразқызы тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды. Алматы қаласында 32 жастағы Батырбек Ақтөре Сейсембекұлы тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды", - деді полиция.

Шымкент қаласында 20 жастағы Данияр Сейдалиев аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырып, эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

"Жамбыл облысында "Алтын қыз" лақапатымен 41 жастағы Қасымова Лайло Жұбанышбекқызы бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған да әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, осы облыста 19 жастағы Жарқынай Байбек пен Асылжан Танаберганов TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, "хайп" үшін контент жасағаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Министрлік өкілі интернеттегі анонимділік жауапкершіліктен құтқармайтынын еске салды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget