- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- TikTok 1,5 миллиард...
TikTok 1,5 миллиард рет жүктеліп, Instagram-ды басып озды
Қысқа видеоларға арналған TikTok желісі App Store мен Google Play-ден жүктеу саны бойынша Instagram-ды басып озды. Бұл Sensor Tower сервисінің соңғы рейтингінде белгілі болды.
Сервистің мәліметі бойынша, TikTok жыл басынан бері 1,5 миллиард рет жүктелген. Бұл былтырғыдан 6 процентке көп. Осылайша TikTok өзінің басты бәсекелесі саналатын Instagram-нан бір саты жоғары көтерілді. Instagram-ды 1 262 миллиард рет жүктеген.
2019 жыл ортасында TikTok-ты жүктегендер саны 1 миллиардқа жеткен еді.
TikTok-ты көбіне Үндістан халқы пайдаланады, бұл елдің үлесі – 31%. Одан кейін Қытай (11,5%) мен АҚШ (8,2%) көп пайдаланады.
Дей тұрғанмен қазір Instagram-ды пайдаланатын қолданушылар көбірек.
TikTok қалай пайда болды?
2014 жылы қытайлық бағдарламашылар Алекс Чжу мен Луис Янг Musical.ly бағдарламасын жасап шығарды. Онда 15-тен 60 секундқа дейінгі музыкалық видеолар жасап, өзгелермен бөлісуге болатын еді. Musical.ly басқа қытайлық стартаптардай емес, халықаралық нарыққа бағытталып, тез танымал бола бастады. 2016 жылы 100 миллион қолданушы межесін бағындырды.
Бірақ Чжу мен Янг сияқты бұл бағытқа қызыққандар көп болды. 2016 жылдың қыркүйегінде қытайлық ByteDance компаниясы Douyin әлеуметтік желісін ұсынды. Сервистің функциялары ұқсас болды, бірақ Musical.ly-ден айырмашылығы – ол ҚХР нарығына бағытталды. Бағдарлама бірден танымал болып кетті. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, 4 айдың ішінде Douyin желісін 100 миллион қолданушы жүктеп алды.
ByteDance бір Қытайдың өзі аздық етеді деп, халықаралық нарыққа шықты.
2017 жылдың қыркүйегінде ByteDance Douyin-нің халықаралық нұсқасы, TikTok-ты жарыққа шығарды. Бағдарламаны қолданған ең алғашқы ел Индонезия болды. 2017 жылдың қарашасында ByteDance Musical.ly жобасын 800 миллион АҚШ долларына сатып алып, 2018 жылдың тамызында оны TikTok-пен біріктіріп жіберді.
TikTok қандай желі?
TikTok – 15 секундтық музыкалық видеороликтер түсіріп, бөлісуге болатын әлеуметтік желі. Видеоға сай келетін музыка таңдап, ән мәтініне немесе фильм сөздеріне ілесіп орындауға болады.
TikTok Instagram мен Snapchat-тың қоспасы іспеттес. Желіде екі лента бар: жазылымдар мен ұсынылатын видеолар. Видеоға лайк басып, пікір жазуға, өзге қолданушыларға жазылуға болады. Бағдарлама шеті жоқтай көрінетін лентаны ақтарып отыратын қолданушыны дәл Instagram сияқты жіпсіз байлап қояды.
TikTok-тың осынша кең қолданылуына Үндістан айтарлықтай әсер етті. Себебі үнді жастары өздерінің музыкалық және би қабілетін көрсетуге құмар.
Massaget.kz