Threads желісінде алауыздық тудырған Қарағандылық бойжеткен екі айға қамауға алынды

Threads желісінде алауыздық тудырған Қарағандылық бойжеткен екі айға қамауға алынды
Фото: Бейне Midjourney нейрожелісі арқылы жасалған

Қарағанды облысының полиция департаменті Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық алауыздықты тудырды деген күдікпен 22 жастағы Қарағанды тұрғынының қамауға алынғанын хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерді бақылау барысында полиция қызметкерлері Threads желісіндегі 22 жастағы тұрғынның жариялаған жазбасын анықтаған. Тексеру нәтижесінде бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру) қылмыстық іс қозғалған.

Полицияның хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің елден кетуді жоспарлап жатқаны туралы ақпарат алынған.

"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында 22 жастағы Қарағанды тұрғыны Threads желісінде ұлтаралық алауыздық белгілері бар жазба жариялағаны анықталды. Оның шетелге шығуды жоспарлап жатқаны белгілі болған соң, қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялау жөнінде өтініш берілді", – деп хабарлады облыстық ПД.


Қылмыстық кодекстің 174-бабында 2 000-нан 7 000 айлық есептік көрсеткіш (7 863 000 – 27 524 000 теңге) көлемінде айыппұл салу, немесе бостандығын шектеу, немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2025 жылдың 22 шілдесінде Қарағанды қаласының тергеу соты тергеу органының өтінішін қанағаттандырды. Тергеу амалдары жүргізілгенге дейін күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, тиісті сараптамалар тағайындалған. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Айта кетейік, бұған дейін күдіктінің жарияланымдары әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырған. Көпшілік оның жазбаларын қорлайтын әрі жат пікір деп бағалаған. Қоғамдық сыннан кейін бойжеткен видеоүндеу жасап, жазбаларымен ренжіткен жандардан кешірім сұраған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет
Logotype Massaget