- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тез байығысы келген...
Тез байығысы келген 1200 қазақстандық сан соғып қалды
Елімізде бір жылда жеңіл ақша тауып, тез байығысы келген 1200 қазақстандық алаяқтарға алданып қалды. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының орынбасары Рүстем Дүйсетаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, жыл басынан бері Қазақстанда 15,5 мың интернет-алаяқтық дерегі тіркелген.
"Алаяқтардың әрекеті салдарынан қазақстандықтарға 13 миллиард теңге залал келді. Мұнда жиі кездесетін әдіс - онлайн-сауда. Бұған қатысты 7 мың дерек тіркелді. Банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн-қарызды рәсімдеудің 1 600 жағдай анықталды", - деді ол ІІМ-де өткен брифингте.
Сондай-ақ, Рүстем Дүйсетаев тез байығысы келетін қазақстандықтар да сан соғып қалғанын айтты.
"Олар ақшасын көбейту үшін қаржысын әртүрлі күмәнді жобаларға салады. Бір жылда 1200 адам осындай схемалардың құрбаны болды, олар өз ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салды. Сондай-ақ, кейбір жағдайда осы мақсатқа несие рәсімдеген. Жеңіл ақшаны іздеймін деп жинақтарын жоғалтты", - деді полицей.
Ол алаяқтар ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар жасау арқылы тұрғындарды жеңіл ақша табуға қызықтыратынын мәлімдеді.
"Олар "менеджерлермен" және "брокерлермен" барлық байланыс онлайн, оның ішінде мессенджерлер арқылы болатынын айтады. Кейбір жағдайда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін дивидендтерді бір реттік төлейді. Фишингтік сілтемелерді жіберу арқылы қазақстандықтардың шотынан 1 мың ұрлық жасалды. Банктер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық ерекше алаңдаушылық туғызады. Осындай тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан аса алаяқтық жасалды", - деді Рүстем Дүйсетаев.
Айта кетейік, банк пен полиция қызметкерлері ешқашан қазақстандықтарға хабарласып, жеке деректерді сұрамайды және телефон арқылы арнайы операциялар жүргізуді талап етпейді.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz