Танымал журналист, тележүргізуші Қымбат Досжан әлеуметтік желідегі парақшасында бельгиялықтар асырап алған Жәнібектің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Жәнібектің өміріне қатысты жалған ақпарат көбейіп кеткен.
"Біріншіден, Анасы әлі табылмады (әзірге дейік). Әкесі жайлы да ешқандай ақпарат жоқ. Болжамды әкесі деп жұртты дүрліктірген ер адаммен біз 5 қаңтарда сөйлесіп, зерттеп, әкесі емес екенін бірден түсіндік. Басқа телеарнаға барып, тест тапсырып, эфирге қатысып жүргені бізге түсініксіз, өзіне аян болар", - дейді ол.
Қымбат Досжан бұл істі зерттеу жұмыстары тоқтамағанын жеткізді.
"Бармысың, бауырым?" редакциясы журналистік зерттеу жұмысын толық атқарып шықты. Құжат бермей, аты-жөнін өтірік айтып, қолхат жазып, Жәнібек деген ұлын тастап кеткен әйелді - ресми құжаттар бойынша Жәнібектің анасы деп жазылған әйелді біз желтоқсанда таптық. Бельгиялық әйелдің Арқалыққа келіп, бәленбай мың еуро санап бердім деген кісіні де білеміз. Тергеп-тексеру ісі жүріп жатыр, ол құқық қорғау органдардың қолында. Күні бүгінге дейін 28 әйел, 1 ер кісі анализ тапсырды. Нәтиже 0 пайыз. Тағы да болжамды ана немесе әке болуы мүмкін адамдар бар, зерттеу тоқтаған жоқ", - деді ол.
Сондай-ақ, журналист Жәнібектің шетелде тұрақты үйі, жұмысы жоқ екенін айтты.
"Жәнібектің Испанияда айналысатыны маусымдық жұмыс (туристерге қызмет көрсету), ол орта мектепті бітірген соң біздегідей бірден универге түспеген, бірақ жоғары оқу орнында оқу жоспарында бар. Білімді, әрине, сол Еуропада алсам деп ойлайды. Майоркада жалғыз өзі пәтер жалдап тұрады, жекеменшік баспанасы жоқ. Отбасым деп ең жақын достарын айтады. Жануарларым деп ранчоға барып, (тағы да жалданып) өзі баптап көмектесіп жүрген аттарын да қосып айтады. Жәнібектің басында үйі де, құрған отбасы да жоқ. Асырап алған шешесі Бельгияда қалған", - деп жазды ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!