Терроризмді насихаттағаны және басқа да қылмыстары үшін қамауға алынған екі ҚР азаматына қатысты сот процестері аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солардың бірі - Тараз тұрғыны, айналасындағыларды шетелдегі лаңкестер қатарында соғыс әрекеттеріне қатысуға шақырып, сонымен қатар өзі де оларға қосылуды жоспарлаған.
"Тараз қалалық сотының шешімі бойынша ол терроризмді насихаттағаны (ҚК-нің 256-бабы), діни араздықты қоздырғаны үшін (ҚК-нің 174-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Тағы бірі - алматылық тұрғын, жалпы қылмыстар үшін бірнеше рет соттылы болған, ғаламтор желісінде радикалды идеологияны насихаттаған.
"Алматы қалалық сотының шешімі бойынша ол терроризмді насихаттағаны (ҚК-нің 256-бабы), есірткіні заңсыз пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 296-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Жалпы, 2024 жыл басынан террористік және экстремистік әрекеттері үшін 84 адам сотталған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!