Есімін атамауды өтінген кейіпкеріміздің радикалдық ағымның жетегінде кеткен жолдасы 2012 жылдың 20 қыркүйегі күні Атырау қаласының "Көктем" саяжай ауданында орын алған лаңкестік оқиға кезінде көз жұмған. Атырауда жүргізілген арнайы операция кезінде оққа ұшқан радикалдық идеологияны таратушы лидерлердің бірінің жұбайы болған келіншек күйеуінің қазасынан кейін терроризм бабымен істі болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атыраудағы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 157/11 әйелдер түзету мекемесінде жазасын өтеп шыққан. Кейіпкеріміз қаракөз қазақ қыздарын діни сауатты мешіттен алуға, медреселерде білім алып, рухани кітаптарды көбірек оқуға шақырып отыр.
Ерке өскен қыз тұрмыс құрғаннан кейін күйеуінің қалауымен намазды үйінде оқып жүрген.
"Бұл 2010 жыл еді. Тұрмыстағы әйелдің жағдайы белгілі. Үй шаруасы, одан қалды бала тәрбиесі бар. Осылайша, жаңа өмірге бейімделемін деп жүргенімде мешітке баруды доғардым. Намаз оқыған уақытта құлшылықты күйеуіме ұйып атқаратын болдым. Қазақта "еркек түздің адамы" деген сөз бар ғой. Сол рас екен. Ақтаудағы компаниялардың бірінде вахталық әдіспен жұмыс істеген жолдасымның негізгі уақыты тыста өтетін болды. Ерімнің Әбу Ханифа мәзһабын ұстанбайтынын білетінмін. Уақыт өте келе оның айтқандарының барлығын ақиқат есебінде қабылдап жүрдім. Мәселен, дінге келген алғашқы кезеңде қазақтың салт-дәстүрлері туралы пікірім дұрыс болатын. Және бұрын намаз оқығанына, оқымағанына қарамастан, айналамдағылармен сәлемім де түзу еді. Кейін күйеуімнің айтуымен отбасымызда түрлі тыйымдар пайда бола бастады", - дейді келіншек.
Осылайша, келіншек діни сауатын толықтырып, ізденуді мақсат етпеген.
«Сірә, үй шаруасынан қолым босамағанын сылтау еткен де болармын. Ал, күйеуім болса керісінше, кітапты көп оқыды. Сол себептен де болар, әйтеуір өзім негізінен жолдасымның дегенін жасап жүрдім. Арасында үйге ахилар, яғни бауырлар да жиі жиналып тұрды. Бірақ, ер адамдардың ортасы бөлек болғандықтан, олардың әңгімесіне біздер араласпайтынбыз. Әйелдер жағы бас қосқанда өзіміздің тұрмыстық жағдайларымыз туралы сөйлесетінбіз. Кейде Египеттен оқып келгендер, шейхтардан уағыз тыңдаған қыздар білгендерімен бөлісетін", - дейді келіншек.
Кейіпкеріміздің өмірі 2012 жылдың қыркүйегінде өзгерген.
"Жұмысқа барамын" деп үйден аттанған күйеуім сол кеткеннен қайта келген жоқ. Кейін күйеуімнің Атырау қаласының "Көктем" саяжай ауданында орын алған қанды оқиға кезінде мерт болғанын білдім", - дейді келіншек.
Терроризм бабымен 7 жылға сотталған келіншектің оңалуына Атыраудағы "Шапағат" деструкивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологтары ықпал еткен.
"Теологтар түрмеге үнемі келіп тұратын. Сондай білімді кісілермен сауатты сұхбат құру арқылы, өзімнің көп мәселеде қателескенімді түсіндім. Теологтар Құраннан, хадистерден мысалдар келтіреді. Бастысы, бізге ұстаздар салыстыру мүмкіндігін сыйлады. Осылайша, мен кеш те болса, өзімнің қателескенімді түсініп, дәстүрлі мәзһабқа оралып отырмын. Қазір менің мінезімде көркемдік, жұмсақтық пайда болды. Өткен өмірім өзіме сабақ болды", - дейді келіншек.
Баян Жанұзақова
Тағы да оқи отырыңыздар: ХVI–ХVII ғасырларда Қазақ хандығының саяси және құқықтық құрылымы қандай болды?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!