- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Теріңізге коллаген жетіспеуінің...
Теріңізге коллаген жетіспеуінің 3 белгісі және оны көбейтудің 6 әдісі
Үйреншікті тері күтіміңіз тиімді ме әлде бірдеңе өзгертетін уақыт келді ме? Теріге коллаген жетіспейтінін қарапайым әдістер арқылы анықтауға болады. Олар жайлы "Doctorpiter"-ге дерматолог Наталья Курганская айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бет терісінің салбырауы және әжімнің пайды болуы – қартаюдың басты белгілері. Әдетте ол ағзадағы коллаген деңгейінің азаюымен байланысты. Себебі бұл ақуыз терінің тығыздығы мен серпімдігіне, жастығы мен тегістігіне жауап береді.
25-28 жастан бастап ағзадағы колаген синтезі жыл сайын орташа есеппен 1%-ға азая береді. Сондықтан сырт келбеттегі жас ерекшелігінің өзгерістері біртіндеп біліне бастайды.
Коллаген жетіспейтінін анықтайтын 3 қарапайым әдіс
Шымшыңыз
Бас және сұқ саусағыңызбен көзіңіздің астындағы теріні жайлап шымшыңыз да, оның бастапқы күйге қаншалықты жылдам оралатынын қараңыз. Сау тері бірден қалыпқа келеді. Егер тері сусызданған болса немесе серпімділігін жоғалта бастаған болса, оның бастапқы күйге келуіне көбірек уақыт қажет болады.
Басыңыз
Егер көз астындағы теріні шымшығыңыз келмесе, бетіңіздегі, қолыңыздағы немесе ішіңіздегі теріні саусағыңызбен басуға болады. Егер тері өз пішініне баяу оралса, бұл коллаген жетіспейтінін көрсетуі мүмкін.
Айнаға қараңыз
Қартаю белгілерінің бар-жоғын тексеріңіз. Ол үшін айнаға қарап, теріңіздегі өзгерістерге мән беріңіз. Қарбалас өмірде ағзадағы қартаю процестерін байқамауыңыз мүмкін. Мысалы, көзіңіздің айналасына жаңа әжім пайда болған немесе бетіңіздің терісі салбырай бастаған болуы мүмкін.
Коллаген деңгейін қалай көтеруге болады?
- Құрамында ретиноидтары бар құралдар қолдану. Бұл коллаген синтезіне қатысатын гендермен белсендірілетін А дәруменінің туындылары. Ретиноидтар барлық адамға бірдей келе бермейді, себебі ол теріге агрессивті әсер етуі мүмкін. Бұл жағдайда оның өсімдік негізіндегі анологтарын қолдануға болады.
- С дәруменін қолдану. Құрамында С дәрумені бар сарысулар, кремдер жне тағамдық қоспалар жасушалардың антиоксиданттық қорғанышына ықпал етеді және коллаген өңделуін ынталандырады.
- Күннен қорғайтын крем жағу. Ультракүлгін әсері коллагеннің бұзылуына әкеледі. Сондықтан әжім ерте пайда болады.
- Ақуызды жеткілікті түрде тұтыну. Балық, теңіз өнімдері, тауық еті, майсыз сиыр еті секілді өнімдер коллаген синтезі үшін маңызды аминқышқылдарға бай.
- Рациондағы қантты азайту. Рационда қант қаншалықты аз болса, тері соншалықты ұзақ серпімді және жұмсақ болып қалады.
- Темекіні тастау. Темекі тарту теріге қан және оттек құйылуын азайтады. Сондай-ақ ол коллаген мен эластиннің талшықтарын зақымдайтын уытты бос радикалдар түзеді. Нәтижесінде терінің қартаюы жылдамдайды.