- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Теріні күйдіруі және...
"Теріні күйдіруі және ағзаны улауы мүмкін". Тұрмыстық химияның қаупін қалай азайтамыз?
Заманауи үйді кір жуатын ұнтақ, ыдыс жуатын құрал, тарақандарға немесе көбелектерге қарсы дәрілер және басқа да тұрмыстық химиясыз елестету қиын. Бұл тауарлар үйді жинау процесін жылдамдатады. Алайда олардың көпшілігі адам денсаулығына зиян келтіреді. Қандай құралдар қауіпті және өзімізді олардан қорғау үшін не істеу керек?
Базардан және дүкендерден тұрмыстық химия сатып аларда оның құрамын мұқият тексеру маңызды. Әдетте, құрамында мына заттар немесе оның қосылыстары бар құралдар адамға зиян келтіруі мүмкін:
- Қышқылдар;
- Сілтілер;
- Формальдегидтер;
- Аммиак;
- Хлор;
- Мұнай дистилляттары.
Тұрмыстық химия несімен қауіпті?
Тұрмыстық химияның шығарылу түрі (ұнтақ, гель, паста) оның зияндылығына әсер етпейді. Әдетте оларды дұрыс қолданбау және қауіпсіздік техникаларын сақтамау зиян келтіреді. Сондай-ақ химиялық заттар концентрациясына және байланыс ұзақтығына қарай да дерматит, аллергия және тіпті күйік тудыруы мүмкін.
Химиядан терінің күйіп қалуы
Агрессивті құралдарды қолғапсыз пайдалансаңыз, теріңіздің күйіп қалу қаупі жоғары болады.
Асқазан-ішек жолы органдарының химиялық күйік алуы
Химиялық құралдарды ішіп қойсаңыз, асқазан-ішек жолы органдары күйіп қалуы мүмкін. Әдетте, тұрмыстық химияны кішкентай балалар ішіп қояды.
Өкпенің химиялық күюі
Ұшпа заттармен демалу осындай күйік тудырады. Мысалы, тарақандарға қарсы уды маскасыз шашу.
Жалпы улану
Ұшпа органикалық қосылыстардың әсері көз, мұрын және тамақты тітіркендіруі, басты ауыртуы, жүрек айнытуы және тыныс алу проблемаларын тудыруы мүмкін. Астма немесе созылмалы өкпе аурулары бар адамдар қауіп тобына жатады.
Тұрмыстық химияның зиянын қалай азайтамыз?
Тұрмыстық химияны сенімді өндірушіден сатып алыңыз. Құралдың құрамын зерттеңіз. Егер күмәнді немесе зиянды заттар болса, оны қолданбауға тырысыңыз. Сондай-ақ иісі өткір, тамақты қышытатын тұрмыстық құралдарды алмауға тырысыңыз.
Әртүрлі құралдарды араластырмаңыз. Егер арнайы біліміңіз болмаса, әртүрлі химиялық құралдарды араластырғанда не болатынын білмейсіз. Мұндай тәжірибе жасамаған жөн. Әрқашан құрал сыртындағы нұсқаманы оқып, соны сақтаңыз.
Қауіпсіздік ережесін сақтаңыз. Құрамында ұшатын заттары бар құралдарды жақсы желдетілетін бөлмеде қолданыңыз, қолғап пен маска киіңіз және мұндай құралдарды баланың қолы жететін жерге қоймаңыз.
Оқи отырыңыз: Тұрмыстық химияны алмастыра алатын 10 табиғи зат
А. Жапатова