- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Терможаңғыртудың энергия үнемдеуде...
Терможаңғыртудың энергия үнемдеуде тиімділігі мол
Тәуелсіздік алған Қазақстан үкіметінің алдында көптеген іргелі мәселелермен қатар тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесі де тұрды. Өйткені Кеңес үкіметінен мұраға қалған тұрғын үй қорының 90 пайызы тозығы жеткен болатын. Олардың басым бөлігін 1950-1990 жылдар арасында тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлер құрады. Ал, ол кезде тұрғызылған үйлерде энергия үнемдеу ескерілмеген. Сондықтан да, тұрғындар қысы қатаң солтүстік өңірлерде қыста үй жылыту үшын қосымша жылытқыштар пайдаланса, жазы аптап ыстық болатын оңтүстік өңірлерде жазда үйді салқындату үшін салқындатқыштар пайдаланып, қосымша энергия жұмсап келді. Сол кездері Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы елімізде өндірілетін жылу энергиясының 40 пайызын және электр қуатының 22 пайызын пайдаланып отырды.
Экономика секторында тұрғын үй ғимараттары энергия тұтыну бойынша өнеркәсіптен кейінгі екінші орында. Сондықтан да тұрғын үй қорының энергия тиімділігін арттыру (терможаңғырту) тұтастай алғанда ел экономикасын декарбонизациялауда алатын орны ерекше. Сондықтан ел Үкіметі тұрғындарға жайлы жағдай жасау және энергия үнемдеу мақсатында, мемлекет басшысының тапсырмасымен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады. Алғашқы жылдары бағдарламаны жүзеге асыру оңайға соқпады. Өйткені, ол кезде 90 пайыз тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстарына қомақты қаражат қажет болды, ал ол тұста елдің экономикалық мүмкіндігі шектеулі болатын. Сондықтан терможаңғыртуға жұмсалатын қаржының бір бөлігін Үкімет, екінші бөлігін тұрғындар төлейтін болып шешілді. Бұл үкімет үшін де, пәтер иелері үшін де тиімді болды. Өйткені, тұрғындар тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйді өз күштерімен жөндеуден өткізе алмасы айдан анық еді. Ал, терможаңғырту бағдарламасы аясында көпқабатты үйге жүргізілген жаңғырту жұмыстары үшін тұрғындар пәтердің шаршы метріне қарай, ай сайын 1200-2000 теңгеден төлеп отырды. Бұл тұрғындар үшін тиімді болды. Бағдарлама аясында еліміздің әр аймағында жүздеген пәтер күрделі жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2015 жылға дейін энергия пайдалануды 10 пайызға дейін, ал 2020 жылға қарай 50 пайызға дейін үнемдеу міндетін қойды. Президенттің тапсырмасы орындау мақсатында, Үкімет 2013 жылы "Энергия үнемдеу -2020" бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заң қабылданып, 22 нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Энергия тұтыну бойынша 3 мыңнан астам нормативтер белгіленді, энергияны тиімді пайдалану бойынша 200-ден астам техникалық стандарттар бекітілді, тұрмыстық энергия пайдаланатын құралдар тиімділігі санаттары енгізілді. Сол бағытта мониторинг жүргізіліп, ережелерді сақтау бойынша қатаң бақылау қолға алынды. 16 өңірлік және 5 салалық энергия үнемдеу жоспары жасалды. Жоспар бойынша мемлекеттік энергетикалық тізілімдегі нысандар тізбесіне 727 өндірістік, 2938 мемлекеттік кәсіпорын, 8000 мемлекеттік мекеме енді. Екі мыңнан астам өндірістік кәсіпорынға энергия аудиті жүргізілді. Энергия аудиті нәтижелеріне сәйкес 2015 жылдан бастап өнеркәсіп және энергетиканы жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік нысандар терможаңғыртудан өтті. Энергия тиімділігін арттыру инновациялық шешімдер енгізуге, ғылымды дамытуға, жаңа технологияларды трансферттеуге ынталандырды. Соның нәтижесінде жаңа тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлерде энергия тиімділігін арттыратын қондырғылар мен құрылыс материалдары пайдалана бастады. Әрине, барлық құрылыс компаниялары белгіленген стандарттар мен нормаларды бірден қабылдай қойған жоқ. Мол пайда тапқысы келген базбір құрылыс компаниялары энергия үнемдеуді ескермей, арзан құрылыс материалдарын, арзан жұмыс күшін пайдаланып, белгіленген стандарттардан ауытқып жатты. Десе де, «көш жүре түзеледі» демекші, соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі стандарттар мен нормаларға сай салынып жатыр. Бұл Үкіметтің қолға алған шараларының нәтижесі екені сөзсіз.
Тұрғын үйлерге терможаңғырту жұмыстарын жүргізудің энергия үнемдеуден басқа да оң әсері мол. Терможаңғырту азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартумен қатар ғимарат қауіпсіздігін арттырады, олардың қазіргі заман стандарттарына сәйкестендіреді, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын қымбаттатады. Сонымен бірге, терможаңғырту экологиялық жағдайға да оң әсер етеді. Себебі, терможаңғырту отынды аз пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни ауаның ластануын азайтады.
Қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында енгізіліп жатқан инновациялық, ресурс және энергия үнемдеуші, коррозияға қарсы технологиялардың тізбесі жүргізілді. Бұл тек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ғана пайдаланбайды. Оның қолданылу аясы өте кең. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және толықтыру жұмыстарын қолға алған. Онда жетекші отандық және халықаралық компаниялардың озық технологиялары жинақталған. Бүгінгі таңда тізімге энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдар, су дайындау және инженерлік желілерді тазартуда қолданылатын бірнеше озық технологиялар енгізілген. Мысал ретінде «SAVENERGY» вакуумдық жылу оқшаулағыш панельдерін айтуға болады. Мұндай панельдер дәстүрлі жылу оқшаулағыштарға қарағанда жылуды өте жақсы сақтайды, оған қоса панель материалдары отқа төзімді.
Құрылыс саласындағы тағы бір технология – «Броня» сериялы сұйық керамикалық жылу оқшаулағыш жабынды. Аталмыш жабында шатырларды, ішкі қабырғаларды, ғимараттардың қасбеттерін, терезе беткейлерін, ауа баптау жүйелеріне арналған ауа өткізгіштерді, ыстық және суық сумен жабдықтау құбырларын және т. б. жабуға пайдаланылады. Жылуды сақтауда тиімділігі аса жоғары. Ол жылу жүйелеріндегі жылу шығынын азайту және суық сумен жабдықтау құбырларын конденсациядан қорғау мақсатында қолданылады. Оның 1 мм жабын қабатының оқшаулау қасиеті орамды оқшаулағыштың 50 мм-мен тең. Сондай-ақ, тізімге енген жаңа технологиялар қатарында «Буча» және «Гидроклин» импульсті гидропневматикалық тазарту технологияларын көруге болады. Ол трубадағы шөгінділерді егжей-тегжей тазалап шығуда жоғары тиімділікке ие.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілерін жаңарту мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің назарынан тыс қалған емес. Президент «Әділетті Қазақстан – баршаға және әрқайсыңызға. Қазір және мәңгіге» атты сайлауалды бағдарламасында «Мемлекет барлық өңірлерде жаңа тұрғын үйлер салып, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңартады. Біз сапалы жұмыс орындарын, азаматтардың дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеміз. Мұның бәрі өңірлерді қуатты, инвестиция мен өмір сүру үшін тартымды етеді» деген болатын.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2011 жылдан бүгінгі таңға дейін республикалық бағдарламалар аясында 33 млрд теңге сомасында қаржы бөлініп, 3550 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтті. Алайда, бұл тұрғын үй қорын жаңғыртуда барлық мәселе шешілді деген сөз емес. Бүгінгі таңда елімізде 17 мың тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, 10 мыңға жуық екі қабатты, екі кіреберісі бар ескі үйлер бар. Олардың бірқатары апатты жағдайда. Десе де Үкімет пен жергілікті атқарушы билік мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасында алға қойған мақсатты абыроймен орындап шығады деп сенеміз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz