- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тергеуді мұқият жүргізу...
"Тергеуді мұқият жүргізу керек". Премьер-министр Қарағандыдағы балалар жаппай улануына қатысты министрлікке тапсырма берді
Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов Ішкі істер министрлігіне Қарағанды облысындағы балалардың жаппай улануына кінәлі адамдарды анықтауды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет басшысы алдымен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа ауруханаға түскен жеткіншектерді барлық қажет медициналық көмекпен қамтамасыз етуді жүктеді.
"Олардың жағдайын ауруханадан шыққаннан кейін ерекше бақылауда ұстаңыздар. Жергілікті әкімдіктер интернаттық, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге тиіс", - деді Әлихан Смайылов.
Ол құзырлы органдарға осы салғырттыққа кінәлілерді анықтауды да тапсырды.
"Ішкі істер министрлігі осы тосын оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуі керек", - деді Әлихан Смайылов.
Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі көз жұмған еді. Ресми деректерге қарағанда, алты бала жансақтау бөлімінде жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Алғабек