Терезесін сындырып, салонға темекі тұқылын лақтырған: Ақмола облысында көлікті өртеген адам ұсталды

Степногорск қаласында өртенген көлікке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

28 маусымда Степногорск қаласының полиция басқармасына Пригородный кентінде Nissan Primera көлігі өртенгені туралы хабарлама түскен. Сол күні көлік иесі полицияға арызданған.

Оның айтуынша, кешкі сағат 17:00 шамасында өзіне тиесілі көлікті белгісіз ер адам қасақана өртеп жіберген. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полицейлер қылмысқа қатысы бар деген күдікпен қала тұрғынын анықтады.

Алдын ала мәліметке сәйкес күдікті - егде жастағы ер адам. Тергеу барысында мас күйде болған күдікті көліктің терезесін сындырып, сөндірілмеген темекі тұқылын салон ішіне тастағаны анықталған. Соның салдарынан көлік өртенген.

"Жауап алу кезінде күдікті сол күні ішімдік ішкенін айтып, қатты масаң күйде болғандықтан оқиғаның мән-жайын толық есіне түсіре алмайтынын жеткізген. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деп жазылған хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз