Ақтөбеде қаңтар оқиғасына байланысты сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, айыпталушы 18 адам. Олар жаппай тәртіпсіздікке қатысып, билік өкілдеріне күш қолдану және басқа да баптар бойынша күдікке ілінген. Зардап шеккендердің ішінде тәртіп сақшылары да бар. Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта соңғы айыпталушыдан жауап алынды. Ол 5 қаңтарда облыстық әкімдікке басып кірген адамдардың арасында болған. Айыпталушының гардероб бөлмесінің терезесіне қарай үстел лақтырып жіберген сәті видеоға түсіп қалған. Алайда өзі кінәсін мойындамай отыр екен. Айыпталушының сөзінше, ол алаңға өз ойын айту үшін шыққан.
"Заңға қайшы ештеңе істеген жоқпын, ол жерге өз ойымды айту үшін шықтым, халық сол жерде болды", - дейді айыпталушы.
Айыпталушы 2017 жылдан бері пробация қызметінде есепте тұр.
"Егер жағдайым жақсы болса әкімдікке бармас едім ғой. Тәулікке жалға берілетін үйлерді жағалап жүрген кездерім болды. Аса ауыр қылмыс дегенмен келіспеймін. Егер заңға қайшы әрекет жасағым келсе қап-қара киініп, бетімді жауып алар едім ғой. Өзім барам деп шештім, ол жерден ешкімді танымаймын. Ешқандай талап қойған жоқпын. Әкімдік ғимаратында ешқандай теріс әрекет жасамадық, керісінше ол жақты жинастырып жүрдік. Екінші қабатқа шығып, ештеңені қиратпауын сұрадым. Бірінші қабатта менімен жасты адамдар, үлкен адамдар да болды", - дейді айыпталушы.
Ол гардероб бөлмесінің терезесіне неліктен үстел лақтырып жібергенін түсіндірді.
"Эмоцияға беріліп кеттім. Полиция қызметкерлеріне ештеңе істеген жоқпын", - деді айыпталушы.
Басылым мәліметінше, жақын күндері резонанстық іс бойынша сот жарыссөздері өтуі керек. Сот ашық режимде өтеді. Бірақ сотталушылар журналистерге өздерін суретке түсіруге тыйым салды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!