Қазір үйлерді әдейі жолға барынша жақын етіп салады: бұл көлігі барларға да, қоғамдық көлік пайдаланушыларға да ыңғайлы. Алайда үйдің көлік көп жүретін жолдың бойында тұруы денсаулыққа жағымсыз әсер етуі мүмкін. Бұл жайлы терапевт және кардиолог Иван Ромасов Doctorpiter порталына айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көпшілік "санитарлық аралық" деген түсінік бар екенін біле бермейді. Бұл автокөлік жолынан тұрғын үйге дейінгі арақашықтық. Ол кем дегенде 5 метр болуы керек. Сондай-ақ үйдің қабаттылығы ескеріледі: ол 10-нан аз болса, үй бұрышынан жолға дейін аз дегенде 8 метр, егер 10 қабаттан жоғары болса, онда арақашықтық минимум 10 метр болуы керек.
Санитарлық нормалар саяжай ауылдарына, тұрғын үй ғимаратына, қалалық жолдарға таралады. Әр жерде өзінің көрсеткіштері бар, бірақ іс жүзінде ол орындалмауы мүмкін.
2019 жылы Лондондағы Корольдік колледждің ғалымдары зерттеу нәтижелерін жариялады: автокөлік көп жүретін жолдың бойында тұратын балаларда өкпе дамуының тежелуі байқалған. Сондай-ақ ірі жолдардан 50 метр қашықтықта өмір сүретін ересектерден өкпе қатерлі ісігінің қаупі 10%-ға артатынын анықтаған.
"Оның себебі біріншіден, көлік түтіндерінде көмірқышқыл газы көп. Ол гиперкапнияны (қанның өттегімен қанығуының төмендеуі) ынталандыруы мүмкін. Соның салдарынан тыныс алу жүйесі жұмысында бұзылыстар пайда болады", - дейді дәрігер.
Екіншіден, көптеген отын қоспаларының құрамында қорғасын бар, ол отынның октандық көрсеткішін арттырады. Ол ересектердің де, балалардың да тыныс және жүйке жүйесі үшін улы.
Үшіншіден, пайдаланылған газдың құрамына жол шаңын құрайтын қатты ұсақ бөлшектер (PM-бөлшектері) кіреді. Ол тыныс алу жүйесінің ең кішкентай бөліктеріне жетіп, сол жерде қалып, қатты, ауа өткізбейтін масса түзе алады. Ол мына аурулардың дамуына қауіп төндіреді:
Сондай-ақ көліктерден болатын шу да қауіп төндіреді. Ол ағзаның созылмалы күйзеліске ұшырауына ықпал етеді және айыр без жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сол үшін адамның иммунитеті әлсіреп, жиі ауыруы мүмкін.
Шу артериялық қысымның көтерілуіне және ұйқының нашарлауына ықпал етеді. Бұл жүрек-қан тамырлар ауруларына әкелуі мүмкін.
Қауіп тобына балалар, қарттар және созылмалы аурулары бар адамдар жатады.
Ғалымдар көптеген зерттеулер нәтижесінде, бесінші қабаттан жетінші қабатқа дейінгі үйлерде тұру қолайлы деген шешімге келген.
"Егер үшінші қабаттан төмен тұрсаңыз және терезеңіз жолға қарап тұрса, желдету үшін оны ашпаған жөн. Не үшін екенін түсіну үшін терезе алдына жиналған шаң мен ластыққа қарау жеткілікті. Мұндай жағдайда кондиционерлер мен ауа ылғалдандырғыштар көмектесе алады", - дейді маман.
Егер жолға жақын тұратын болсаңыз, пайдаланылған газдың зиянын азайтуға болады. Ол үшін терезеге тор орналастырыңыз. Ол алынып, жуылатын болуы керек. Бірақ мұндай торлар тек ірі бөліктерді ұстап қалады. Үйге кірген ұсақ бөліктерден арылуға ауаны жуу, ауаны тазарту, бризерлер көмектеседі.