Ақтөбеде жыл сайын қоқыс полигоны өртенеді. Кеше түнде ақтөбеліктер түтінге тұншығып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаз басталса ақтөбеліктердің көретін күні - осы. Қала маңындағы қоқыс полигоны жыл сайын өртенеді. Әсіресе полигонға жақын Шанхай, Тұрғындар қалашығы, Жаңақоныс аудандарының тұрғындарына қиын. Ал кеше түнде қаланы тағы түтін басты. Тұрғындар есік-терезені аша алмады. Күлімсі иістен демалу мүмкін емес.
"Жыл сайын өртенеді. Соңғы екі-үш күнде иіс болмай, жақсы болып еді. Бүгін түнде қайта түтінге тұншықтық. Оның үстіне күн ыстық. Кешкілік күлімсі иістен терезені аша алмадық", - дейді Тұрғындар қалашығы ықшам ауданының тұрғыны Күләш Бердіқызы.
Тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өрт екінші маусым күні басталды. Содан бері тілсіз жауды сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда өрт 1200 шаршы метр аумақты қамтыған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, ашық жалын сөндірілген, дегенмен қоқыстың терең қабаттары әлі де бықсып жатыр. Жанған аумақтағы қоқыстардың бетін жабу жұмыстары жүргізілуде. Отыз адам және отыз техника жұмылдырылған. Сондай-ақ жинақталған газды бұру үшін 4 газ бұру қондырғысы орнатылыпты. Соңғы тәулікте 1500 рейс топырақ әкелінген. Қоқыс полигонына жауапты "Табыс Ақтөбе" ЖШС. Полигон 2007 жылы пайдалануға берілген. Аумағы — 62 гектар. Ал 2015 жылы бірінші рет өртенген. Содан бері жыл сайын өрт шығады.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!