- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Терең күрсініп, мойнын...
"Терең күрсініп, мойнын терезеге қарай бұрды". Дана Нұржігіт Бейсен Құранбекпен соңғы кездесуі туралы айтты
Журналист, тележүргізуші Дана Нұржігіт танымал журналист Бейсен Құранбек туралы естелігін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дана Нұржігіт марқұм Бейсен Құранбекті соңғы рет қашан көргенін айтты.
"9 ақпанда Бейсен хабарласқан. Даусы әлсіреген, өксік қысып, ызаға булығып сөйлеп тұр. "Дана, мені онкологиялық ауруханаға жатқызбай жатыр. Неге? Менің осыдан бұрын жатқан палатама жібермей жатыр. Неге? Мен де қазақтың бір керегіне жараймын ғой", - деді. Мен бұрын-соңды мұндай Бейсенді естіген жоқпын, көрген жоқпын, білмеймін. Осыншама шарасыз жағдайға түскен Бейсен "қазақтың керегіне әлі жараймын ғой!" деп тұрған Бейсен, менің жүрегім қарс айырылды. Кейін келіншегі Гүлмира хабарласты. "Дана, мүмкіндік болса келіп кетсеңіз" деді. Жаным аласұрып бірден әуежай кассасына хабарласып, Алматыға билет алдым", - дейді Дана Нұржігіт.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Журналист билет сатып алғанымен арғы күні пленарлық отырысқа қатысуы тиіс болған екен.
"Мен Парламентте жұмыс істеймін. Содан бастыққа барып сұранып едім, рұқсат бермеді. "Ет жақын туысқандарыңыз болса мақұл, бірақ бұл әріптесіңіз ғой" деген жауап алдым. Не де болса жолға шықтым. Алматыға жеткенде ғана Гүлмираға хабарластым. "Гүлмира, мен әуежайда тұрмын" дедім. "Қай әуежайда, Астанадасыз ба? Алматыдасыз ба?" деді. Жоқ, мен Алматыда тұрмын дедім. Гүлмира көлік жіберіп, Бейсеннің үйіне келдім. Бейсен қала сыртына қарай орналасқан екіқабатты үлкен үйдің екінші қабатында жалғыз өзі төсек тартып жатыр. Әрине, қатты жүдеген. Бірақ көзі бұрынғы Бейсеннің көзі. Мені көріп қуанып кетті. Екеуіміз құшақтасып амандастық. Арқамнан қағып, "азаматсың, Дана, азаматсың" деді. Екеуіміз біраз әңгімелестік", - дейді журналист.
Осылайша, біраз әңгімелескеннен кейін Дана Нұржігіт әуежайға қайтадан келген.
"Бейсен терең күрсініп, мойнын терезеге қарай бұрды. "Шаршадың ба, Бейсен?" дедім. "Иә, шаршадым, әлсіреп қалдым, Дана" деді. Олай болса мен жүрейін, сені көріп кетейін деп едім, сенің кешегі даусың ұнамады маған, өзіңді қолға ал, бәрі жақсы болады дедім. Сол күні кешке әуежайға қайтып оралдым. Әуежайға қайтадан келген кезде жағдай мүлде басқаша болды. Мен ойлағандай емес, қолымдағы билет түкке жарамады. Рейс кешігетін болды. Содан бүкіл жолаушы ашу-ызасын білдіріп, бүкіл компанияның өкілдері осында келсін деп талап қойды. Әуежайдағы блогерлер де телефонын қолға алып, әлгі шуды түсіре бастады. Рейс мүлде ұшпайтын болды. Рейс келесі күні таңғы 4-ке қойылды. Ертең жұмыстан қалсам не істеймін? Пленарлық отырыс емес пе. Рейс таңғы төртте әрең ұшты. Астанаға жете сала көмекшіме хабарласып, кабинетте бәрін дайындап қой, пленарлық отырысқа баратын папкам, бәрі дайын тұрсын дедім. Жиналыстың басына әрең үлгердім. Сол күні менің алдымда таңдау тұрды: досымның алдындағы соңғы парызды орындау керек пе, әлде мемлекеттік қызметтегі міндетті орындау. Мен біріншісін таңдадым. Досымды соңғы рет көріп қалдым. Соңғы сөзін естідім. Науқастың халін сұрап барып, досымның алдындағы парызымды орындадым", - дейді Дана Нұржігіт.
Еске салайық, танымал тележүргізуші, қазіргі "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек 2020 жылдың 18 мамырында қайтыс болды. 2019 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Бейсен Құранбек ауыр дертке шалдықты деген хабар тараған еді.
2019 жылы ақпанда тележүргізуші асқазан жарасы шығып, дәрігерлердің оны екінші рет аман алып қалғанын Instagram желісінде жазған болатын.
Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы еліміздегі бірқатар республикалық телеарнада қызмет атқарған. 2013-2017 жылдары Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы көпшілікке танымал "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан Ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасының тізгінін ұстаған еді. 2014 жылдан бастап Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры қызметін атқарып келді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина