Су тасқыны кезінде өзендер мен көлдердің суы жағадан шығып, өз жолындағы барлық нәрсені шайып кетеді. Ол ақпа сулармен және қалдықтармен араласады. Мұндай су несімен қауіпті және мұндай кезде өз денсаулығыңызды қалай қорғау керек? Бұл сұрақтарға дәрігер Екатерина Демьяновская "Известия"-ға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Су өндіріс алаңдарындағы және көшелердегі ластықпен, жануарлар нәжісімен, ақпа сулармен, жеке учаскелердегі шұңқырлардан шыққан қалдықтармен араласады. Мұндай химиялық заттар мен адам ағзасы үшін зиянды микроағзалардан тұратын су денсаулыққа қауіп төндіреді", - дейді дәрігер.
Оның айтуынша, су тасқынының эпицентріндегі адамдардың тері және ішек инфекциясын жұқтырып алу қаупі бар.
"Лас су тері қабынуы – дерматиттің дамуын ынталандыруы мүмкін. Бұл кезде тері қатты қышиды және күйдіріп ауырады. Егер судағы бактериялар жараға түссе, ол іріңдеп, ұзақ жазылатын болады. Сондықтан терідегі барлық зақымдарды йодпен немесе жасыл дәрімен өңдеу керек және оны дәрігерге көрсету қажет. Кей жағдайда антибиотиктерсіз ағза инфекциямен күресе алмауы мүмкін: сепсистің алдын алу керек", - деп ескертті маман.
Сондай-ақ ол су тасқыны кезінде бірінші кезекте ішек инфекциясын жұтырып алу қаупі жоғары екенін айтты. Мысалы: іш сүзек, паратиф, қантышқақ. Оған қоса, тасқын суларда ротавирус, норовирус, аденовирус, энтеровирус, А және Е гепатиттерінің қоздырғыштары оңай тарайды. Тасқын сумен тыныс алудың өзі өкпенің бактериалды, вирусты және саңырауқұлақты инфекцияларының дамуына әкелуі мүмкін. Дәрігердің айтуынша, су тасқыны аймағында болғаннан кейінгі сәл сырқаттанудың өзі сізді алаңдатуы керек.
"Әлсіздік, бас ауыруы, қалтырау, тершеңдік, жоғары температура, іштің ауыруы, жүрек айну, құсу, жөтел, кеуде тұсының ауыруы, тыныс алудың қиындауы назарды қажет етеді. Көптеген инфекция жылдам дамиды, сондықтан осы белгілердің кез келгенінде медициналық көмекке жүгіну керек", - дейді Екатерина Демьяновская.
Денсаулықты қорғауға сақтық шаралары көмектеседі. Әрине, қатты су тасқыны кезіндегі ең басты мәселе – өмірді құтқару, мұндай кезде инфекцияны алдын алу жайлы ойлауға мүмкіндік болмайды. Алайда жағдай аздап реттелген кезде жұқпа жұқтыру қаупін төмендететін ережелерді сақтау ұсынылады.
"Тасқын су тұрмыстық қажеттіліктерге де жарамайтынын ұмытпаңыз. Мысалы, онымен ыдыс жууға болмайды. Су тасқыны кезінде қолды бөтелкедегі сумен және сабынмен жиі жуу маңызды. Ішуге де бөтелкедегі суды қолданған жөн. Қол астында бөтелкедегі су болмаса, құбыр суын қайнатып ішіңіз. Бұл ережені су тасқыны болған аймақты толықтай қалыпқа келтіргенге дейін сақтау керек. Әдетте, оған бір айдан көп уақыт кетеді. Құдықтарды су тасқынынан соң міндетті түрде тазартып, залалсыздандыру керек. Құбырдағы және құдықтағы сумен тіс шаюға да болмайды", - деп ескертті дәрігер.
Оның айтуынша, су тасқынан соң үйдің ішін және оның айналасын жақсылап тазалау керек.
"Су тасқынынан соң су тиген барлық жерді тазалау керек. Ыдыстарды, ойыншықтарды, киімдерді залалсыздандыратын құралдармен тазалаңыз. Көптеген инфекцияның қоздырғыштары өте төзімді: олар заттардың бетінде бірнеше айға дейін өмір сүре алады", - дейді маман.
Еске салайық, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі су тасқыны кезінде тамақтан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында мына ережелерді сақтауды ұсынды: