"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Атырау облысындағы "Теңіз" мұнай кен орнында болған өрт туралы ақпаратқа қатысты пікір берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚазМұнайГаздың" мәліметінше, 18 қаңтарда сағат 09:53-те ГТЭС-4 нысанындағы GT-9.3 турбинасының трансформаторы тұтанған.
"Қызметкерлер қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Кәсіпорынның апаттық қызметі өртті сөндірді. Зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.
Шамамен сағат 11:20-да ГТЭС-4 нысанындағы GT-9.5 трансформаторы да өртенген. Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға туралы ТЖ департаментіне хабарланған.
"Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Қазір жағдай бақылауда", - деп қосты ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Бұған дейін БАҚ-та Теңіз кен орнында өрт болды деген ақпарат тараған еді.
Анықтама: Теңіз - әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Ол Қазақстанның Атырау облысында, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына жақын жерде орналасқан. Кен орынның мұнай қоры өте мол. Оны "Теңізшевройл" компаниясы игеріп келеді. Теңіз ел экономикасында маңызды рөл атқарады: мұнай экспортының едәуір бөлігін және бюджетке түсетін түсімдердің қомақты үлесін қамтамасыз етеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz