Энергетика министрлігі өкілдері Теңіз кен орнындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 28 мамырда "Теңізшевройл" (ТШО) компаниясының өндірістік нысандарының бірінде ақау шығып, соның салдарынан мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеген.
"Қазір компания қажет шараларды қабылдап, кен орнындағы өндіру процесі біртіндеп қалпына келіп жатыр. Қызметкерлерге, тұрғындарға және қоршаған ортаға қауіп төнген жоқ. Жағдай Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында", - деді министрдің кеңесшісі - Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Еске салайық, бұған дейін "Теңізшевройл" нысандарының бірінде ақау шыққаны хабарланды.
"Теңізшевройл" (ТШО) ЖШС - Атырау облысындағы Теңіз және Королев кен орындарын игерумен айналысатын мұнай-газ кәсіпорны, Қазақстандағы ең ірі мұнай өндірушілердің бірі. Компания өндіретін мұнайдың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортталады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова