Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың шешімімен алдағы жылы Дэвис кубогында Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасы жаңа капитанның жетекшілігімен өнер көрсетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дэвис кубогындағы Қазақстан ерлер құрамасының жаңа капитаны болып Диас Досқараев тағайындалды. Ол бұл қызметте Юрий Щукинді алмастырды. Ал Юрий Щукин өз кезегінде Қазақстанның Билли Джин Кинг кубогындағы әйелдер құрамасының капитаны қызметін жалғастыра береді. Болат Өтемұратов Юрий Щукинге атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, оның өз ісіне адалдығын және тенниске қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Диас Досқараев бұған дейін Қазақстан құрамасын 2012 жылдан 2019 жылға дейін, 7 жыл бойы басқарған. Ол ұлттық құраманы 2013, 2014, 2015 жылдары үш рет 1/4 финалға шығарды, сондай-ақ, 2019 жылы Дэвис кубогының жаңа форматы бойынша ақтық кезеңге жолдама алып берді.
"Ұлттық құраманы қайтадан басқару - мен үшін үлкен мәртебе. Маған сенім білдіргені үшін Болат Жәмитұлына алғыс айтамын. Дэвис кубогы - ерекше турнир: мұнда тек шеберлік пен физикалық дайындық қемес, сондай-ақ топтық рух, мінез-қайрат және ел алдындағы жауапкершілік аса маңызды. Бізде мықты ойыншылар буыны қалыптасты. Менің міндетім - бірлікке, өзіне сенімділікке негізделген орта қалыптастыру", - деді Диас Досқараев.
Еске салайық, 2026 жылғы 6–7 ақпанда Қазақстан Дэвис кубогының бірінші әлемдік тобы аясында өз алаңында Монако князьдігінің құрамасын қабылдайды. Ойындар Астана қаласындағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында өтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!