- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Теннистен ӘЧ: Қазақстан...
Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері ширек финалға шыға алмады
Испанияның Кордова қаласында өтіп жатқан Davis Cup Juniors Finals турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ширек финалға бір қадам жетпей тоқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
D тобында соңғы ойында қазақстандықтар жасөспірімдер арасында командалық әлем чемпионатының алты дүркін чемпионы Испания командасына жол берді.
Бірінші ойында Заңғар Нұрланұлы Андрес Сантамарта Роигтен (№ 225) ұтылды – 5:7, 3:6.
Есесіне Әмір Омарханов Серхио Планелья Эрнандесті (№175) 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Осы әлем біріншілігінде Әмір бірде-бір бәсекеде жеңілген жоқ, үшеуінде де қарсыластарынан басым түсті.
Соңғы жұптық сында испаниялықтар супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 2:6, 6:4, 10:5.
Осылайша, Қазақстан құрамасы мықты командалар жиналған топта үшінші орын алды. Бұл 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионаты болғанына қарамастан, қазақстандықтар лайықты өнер көрсетті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан