Tengrinews.kz жаңалықтар порталы "Үздік жаңалықтар порталы" номинациясы бойынша жеңіске жетіп, 2017 жылғы дауыс беру қорытындысы бойынша "Халықтың сүйіктісі" ұлттық жүлдесінің иегері атанды.
Tengrinews.kz дауыс берушілердің 46% даусын жинады. Сонымен қатар, Informburo.kz (28%), Zakon.kz (17%) және Today.kz (5%) порталдары номинацияларға ие болды. Жүлдеде барлығы 15 номинация бар.
"Үздік спортшы" номинациясын 74% Қанат Ислам алса, "Үздік спортшы қыз" атағын 68% дауыспен Фируза Шарипова иеленді. "Жыл вайнері" номинациясын Нагимуша (34%) жеңді. Екінші орында Sekavines (29%), 3-орында TerryTima (21%), ал 4-орында Yuframe командасы (15%) тұр. "Үздік парламентарий" номинациясын 35% дауыспен депутат Зағипа Бәлиева жеңіп алды.
Айта кетейік, жүлделерді табыстау рәсімі 13 қаңтарда Астанада өтеді. Әріптестерімізді жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, келер жылға толағай табыстар тілейміз!
Ж. Жұмағұлов