Сыртқы ортада баға қысымының күшеюі салдарынан Қазақстанда инфляция ұлғайып жатыр. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұған еліміздің негізгі сауда-серіктесі - Ресейде инфляцияның күшеюі себеп. Тимур Сүлейменов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Ресейдің Қазақстанның ішкі нарығына қалай әсер етіп жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сыртқы инфляциялық қысым сақталып отыр. Оған әлемдік азық-түлік нарығының жағдайы мен біздің ірі сауда-серіктесіміз - Ресейдегі жоғары инфляция ықпал етті. 2024 жылғы желтоқсанда ФАО азық-түлік бағасы индексі төмендегеніне қарамастан, азық-түлік бағасының динамикасы 2023 жылғы деңгейден 6,7%-ға жоғары күйінде қалды", - деді Сүлейменов.
Ресейдегі инфляция біршама күшейіп, 2024 жылғы желтоқсанда 9,5%-ға жетті.
"Осыған байланысты Ресей Федерациясының Орталық банкі негізгі мөлшерлемені сақтап, бағаны тұрақтандыру үшін ақша-кредит шарттарын қатаңдату қажет деп санайды. Реттеуші орган, бюджеттік саясатты қалпына келтіру инфляцияның тұрақты түрде төмендеуін қамтамасыз ететін фактор екенін атап көрсетті. Болжам бойынша Ресейдегі инфляцияның 4 пайызының нысаналы деңгейге қайта оралуы 2026 жылы орын алуы мүмкін", - деді Сүлейменов.
Айта кетейік, Brent маркалы мұнай бағасы қаңтар басында барреліне 80,0 долларды көрсетіп, төрт айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бағаның өсуі жеткізілім үзілетіндей қауіп тудыратын АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкцияларымен, сондай-ақ АҚШ-та мұнай қорының қысқаруымен және Иранға қарсы салынған санкциялардың күшейтілуімен байланысты. Сондай-ақ 17 қаңтар Ұлттық банк базалық мөлшерлеме көлемін бекітті. Инфляцияны бақылауда ұстау үшін Ұлттық банк енді алтын сатуда мемлекет құқығын жүзеге асырады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет