Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кейінгі айларда теңге бағамының долларға қатысты тұрақты болуының себебін түсіндірді. Ұлттық банк басшысы реттеушінің белсенді араласуынсыз-ақ ұлттық валюта тұрақтылығын сақтауға көмектесетін бірнеше факторды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, кейінгі айларда теңге реттеуші араласпаса да, өзін нық ұстай алатынын көрсеткен. Ол мұны валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арақатынасына байланысты деп түсіндірді. Тимур Сүлейменов Қазақстан экспорты дамып келе жатқанын, ал импорт шамамен бұрынғы деңгейде қалып отырғанын айтты.
"Валютаға сұраныс пен валюта ұсынысы арасындағы алшақтық валюта бағамы тұрақтылығын қамтамасыз ететін деңгейде сақталып отыр", - деді Ұлттық банк басшысы.
Оның айтуынша, тағы бір фактор - бейрезиденттердің портфельдік инвестициялары. Тимур Сүлейменов шетелдік инвесторлар валютаны теңгеге айырбастап, бағалы қағаздар сатып алатынын айтты.
Десе де Ұлттық банк басшысы нарықтағы бейрезиденттердің үлесін асыра бағалауға болмайтынын да мәлімдеді:
"Сандарға сүйенсек, бейрезиденттердің деңгейі - шамамен 8 пайыз. Мұны өте үлкен көрсеткіш деп асыра айтудың қажеті жоқ. Ол ешқашан 9 пайыздан жоғары көтерілген емес. Даму деңгейі шамалас басқа елдерде бұл көрсеткіш жоғары: 12-17 пайыз".
Оның айтуынша, Ұлттық банк портфельдік инвестицияларды құптайды, бірақ оның үлесі шамадан тыс өскеніне мүдделі емес.
"Портфельдік инвестицияларды қолдағанымызбен, белгілі бір сын-қатер бар екенін де мойындаймыз. Сондықтан 10 пайыз шамасындағы деңгей сақталса, ол - теңгерімді көрсеткіш", - деді Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, портфельдік инвестиция - шетелдік немесе жергілікті инвесторлардың компанияны бақылауға алмай, ақшаны акцияларға, облигацияларға және басқа да бағалы қағаздарға салуы. Мұндай инвестициялар экономикаға капитал тартуға көмектеседі, бірақ жағдай нашарлағанда инвесторлар өз қаражатын тез арада алып шығуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін де теңге нығая түскені хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова