Қазақстанда 1993 жылдан бері 15 қарашада Ұлттық валюта күні тойланып келеді. Бұл жылдан бері қолданысқа қанша айрықша монета шықты? Қандай ерекше банкноттар болды? Теңгенің дизайны қалай жасалады? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Ұлттық банк мәліметінше, еліміз үшін және әлем бойынша аса маңызға ие әртүрлі тақырып пен оқиғаға арналған біршама коллекциялық монета шығарылған. Бұл монеталарда Қазақстанның мәдени мұрасы, табиғи ресурстары, тарихи оқиғалары, көрнекті тұлғалары, флора мен фаунасы, сондай-ақ спорттағы жетістіктерін қоса алғандағы ауқымды тақырыптар қамтылған.
Былтыр теңгенің 30 жылдығына орай "TEŃGEGE 30 JYL" монетасы шығарылды.
Қазақстан Ұлттық банкі шығаратын коллекциялық монеталардың бірнеше санаты бар:
• Алтын және күміс монеталар - бағалы металдардан жасалады, әдетте шектеулі тиражбен шығарылатындықтан, коллекционерлерге аса құнды.
• Бағалы емес металдардан жасалған монеталар - коллекционерлерге қолжетімді, бірақ оның да тиражы - шектеулі.
Бүгінге дейін 500-ден аса түрлі коллекциялық монета айналымға шығарылды. Оларға тек еліміздің емес, шетел коллекционерлерінің де қызығушылығы зор, бұл монеталардың сапасы жоғары екенін, тақырыбы өзекті екенін байқатады.
Мәселен, 2 қазанда Ұлттық Банк SHAŃYRAǴYŃYZ SHATTYQQA TOLSYN коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Монетада терезе алдында ұйықтап жатқан мысық бейнеленген.
"Қазақстанның коллекциялық монеталары қайталанбас дизайны, көркемдік шеберлігі және жоғары сапасы үшін халықаралық беделді марапаттарға ие болған. Олардың қатарында "Монетное созвездие" (Coin Constellation), "Жыл монетасы" (Coin of the Year), IACA EXCELLENCE IN CURRENCY AWARDS, Vicenza Numismatica және басқа да марапаттар бар", - делінген жауапта.
Ұлттық банк мәліметінше, теңге бірнеше рет халықаралық конкурстарда топ жарды. 2007 жылы 2006 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік қазақстандық банкнота IACA (Халықаралық валюта мәселелері қауымдастығының) "Үздік жаңа банкнота" номинациясында бірінші орын алған.
Бұл банкнота бірегей дизайнымен ғана емес, озық технологиялар арқылы әзірленуімен және тарихи маңызымен де ерекшеленеді.
Ұлттық банк теңге дизайнының хронологиясын ұсынды. Банкноталар 1993 жылдан бастап шығарылып келеді.
1) 1993 жыл - Портреттер
Алғашқы банкноталар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірден айналымға енгізілді. Оларда еліміздің ғылымы, өнері, мәдениеті және білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалар бейнеленген. Сондай-ақ алғашқы қағаз ақшаның тағы бір ерекшелігі ретінде номиналдың орналасуын айтуға болады. Сандар ақ фонда купюралардың алдыңғы жағының сол жақ төменгі бұрышында, ортасында және оң жақ жоғарғы бұрышында басылып шықты.
2) 1993-2003 жылдар - әл-Фараби
1993-2003 жылдары Қазақстан Ұлттық банкі шығарған теңгенің екінші сериясы ортағасырлық ұлы философ, ғалым және ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиге арналды. Оның еңбектері философия, математика және астрономия сияқты көптеген ғылым салаларының дамуына ықпал етті.
3) 2006 жыл - Бәйтерек
2006 жылы жаңа банкноталар шығарылды. Банкноталардағы негізгі элемент - Қазақстанның жаңа астанасының көрнекті нысаны "Астана-Бәйтерек" монументінің бейнесі. Ашық түстер палитрасы қолданылып, жоғары деңгейдегі қорғаныс элементтері енгізілді.
4) 2011 жыл - Қазақ Елі / Самұрық
Жаңа серияның ерекшелігі - банкноталардың алдыңғы бетіндегі "Қазақ елі" монументінің (Самұрық құсының) бейнесі.
5) 2023 жыл - Сақ стилі
Жаңа банкноталар сериясы сақ мәдениетіне арналған және ата-бабамыздың дүниетанымын, табиғатпен байланысын және кең байтақ жерімізде мекендейтін бай жануарлар әлемін көрсетеді. Көп бұйым бастапқы қалпында сақталып, ежелгі қорғандарды қазу кезінде табылды. Жиі бейнеленетін жануарлар әлі күнге дейін Қазақстан аумағында мекендейді және қазақ үшін қасиетті саналады.
"Жалпы, осы жаңа серияның банкноталары біртіндеп айналымға енгізілмек, өйткені оларды елдің барлық аймағына жеткізу және жабдықтарды (банкомат, терминал және басқа да касса техникасын) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет", - деді Ұлттық банк қызметкерлері.
Теңгенің жаңа банкноталарын әзірлеу процесі концепция құрудан бастап, банкноталарды айналымға шығаруға дейінгі бірнеше негізгі кезеңнен тұрады. Солардың негізгілеріне тоқталсақ:
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!